Айбек Смадияров Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне жетекшілік ететін болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Бұған дейін Смадияров Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі қызметін атқарған еді. 2013 жылдан бері дипломатиялық салада табан аудармай еңбек еткен ол министрліктің ақпараттық саясатына жауапты болды. Он жыл ішінде бірінші хатшыдан баспасөз қызметінің басшысына дейін көтеріліп, биылғы ақпанда СІМ ресми өкілі ретінде танылды.
Дипломатиялық тәжірибесі мол маман бұған дейін Қазақстанның Мажарстан мен Вьетнамдағы елшіліктерінде жұмыс істеген. Ол орыс, ағылшын және түрік тілдеріне жетік.
Смадияровтың СІМ-нен кетуі министрліктегі кадрлық ауыс-түйіспен тұспа-тұс келді. Қыркүйекте Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қызметінен кетіп, Президент әкімшілігінде инвестиция мәселелерін қадағалауға көшкен еді. Қазан айында оның бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин де министрліктегі қызметін аяқтап, Қазақстанның Нидерландтағы елшісі болып тағайындалды.
Смадияров бұған дейін Путин үшін жан қиып жатқан қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

