Саясаттанушы Ербол Еділов премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің мақтауын асырды деп жазады Ertenmedia.
Оның пікірінше, Нұртілеу тәжірибесі толысқан, саяси карьерасының шарықтау шегінде тұрған тұлға. Алматыда дүниеге келіп, Ұлы жүздің Суан руынан тарайтын Нұртілеудің жасы небәрі 49-да. Ол саясатқа ерте араласып, дипломатия саласында шыңдалған.
«Суандар ежелден Жетісу жерін мекендеген, жоңғар шапқыншылығын тежеген батыр рудың бірі», — дейді Еділов.
Жолын қарапайым референттіктен бастаған Нұртілеу кейіннен Малайзияда дипломатиялық қызметте болып, Азия және Африка департаментінде маңызды жұмыстар атқарған.
Мұрат Әбуғалиұлының саяси өмірі президент Тоқаевпен тікелей байланысты. Тоқаев қайда барса, Нұртілеу сонда…
Бұл тандемнің тарихы Сыртқы істер министрлігі мен Сенаттан басталып, Швейцарияда, кейін Финляндияда жалғасып, Қазақстанның жоғары билігінде одан әрі тереңдей түскен.
«Қаңтар оқиғасы Нұртілеудің саяси салмағын арттырды. Дәл сол кезеңде оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болуы Тоқаевтың оған деген сенімінің белгісі еді. Кейін Президент Әкімшілігін басқарған тұста ел ішіндегі саяси тепе-теңдікті қалпына келтіруде маңызды рөл атқарды», — дейді Еділов.
2023 жылдың сәуірінде Сыртқы істер министрі әрі премьер-министрдің орынбасары қызметіне келген Нұртілеудің жұмыc ауқымы кеңейген. Бір жылдың ішінде 23 шетелдік сапар жасап, 24 мемлекеттен келген жоғары лауазымды қонақтарды қабылдаған. АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен күрделі дипломатиялық келіссөз жүргізген.
«Мұрат Әбуғалиұлы Лавровпен де, Рубиомен де бірдей деңгейде сөйлесіп, Қазақстанның мүддесін қай платформада болсын сенімді түрде қорғай алатынын дәлелдеді», – дейді сарапшы.
Айтуынша, кей жағдайда Тоқаев уақыт тапшылығына байланысты шетелдік тұлғалармен кездесе алмай қалғанда, ел атынан маңызды келіссөз жүргізу міндетін Нұртілеуге жүктейді екен.
Солай бола тұра Еділовтың қазақ медиасы оның саяси салмағын лайықты бағаламай отырғанын айтады.
«Отандық медиа Мұрат Әбуғалиұлының қызметіне аса мән бермейді. Тек қандай да бір себеп болғанда ғана еске түсіріп қояды. Шындығында, әр кездесу мен келіссөз министр мен оның командасының көзге көріне бермейтін, бірақ күн сайын тынымсыз атқарып отырған ауқымды жұмысының нәтижесі», – дейді ол.
Еділовтің пайымдауынша, Мұрат Нұртілеудің саяси жолы енді басталып келеді.
«Әлі елуге де толмаған саясаткердің болашағы әлі алда. Оның мемлекет қайраткері ретінде әлеуеті мол, әрі саяси мүмкіндігі де зор», – деп түйіндепті саясаттанушы.