Ақпанның алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан аумағына оңтүстіктен ойысқан жойқын циклон келеді хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, жауын-шашын, қалың қар мен ақтүтек боран соғады.
«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, 4–6 ақпан аралығында еліміздің көп бөлігінде күн райы тұрақсыз болмақ. Әсіресе 5–6 ақпанда жауын мен қар күшейеді. Кей өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Ұйытқыған екпінді жел мен ақ боран жолдағы жағдайды күрт қиындатуы мүмкін. Сондықтан алыс сапарға шығатын жүргізушілер аса сақ болғаны абзал.
Бұл күндері ауа райы уақытша жылынғандай әсер береді. Себебі оңтүстік-батыстан ығысқан жылы ауа ағыны Қазақстанның біраз бөлігін жылытады.
Күндізгі ауа температурасы:
- Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда – минус 3 градус пен плюс 2 градус аралығында;
- Оңтүстікте – плюс 8-17 градусқа дейін жылынады;
- Оңтүстік-шығыс өңірлерде – плюс 5-15 градусқа дейін көтеріледі.
Алайда бұл жылымық ұзаққа созылмайды. Демалыс күндері солтүстік-батыстан жеткен салқын ауа бірден басып кіреді. Жауын-шашын азайып, күн ашылғанымен, ауа температурасы күрт төмендеп, аяз күшейеді.
Осы күндер аралығында тұрғындарға жолдағы сақтықты күшейтіп, метеоескертулерге жіті назар аудару ұсынылады.
Айта кетелік, бұған дейін біз 2026-ның үнсіз келген өзгерістері туралы жазғанбыз. Биыл ел күтетін жаңалықтың көбі қалтаға салмақ салатын өзгерістер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

