Осы аптада АҚШ пен Еуропа арасындағы жаңа сауда келісімі жасалып, кәрі құрылық елдерінің көңілі баяз тапқандай болды. Осыған дейін Дональд Трамп ресми Брюссельді 30 пайыздық тарифпен қорқытып, келсімге келуге итермелеген еді. Сонымен келіссөздің нәтижесінде базалық ставканың мөлшері 15 пайызға тұрақтады. Бұған қуанып, қапа болғандарда бар. Қуанғандардың көбі АҚШ-тың саяси қысымының артта қалғанына қуанса, ал қапа болғандар бизнес үшін күні кеше ғана 10 пайыз болған кедендік төлем 15 пайызға ұлғайғанына мұңайды. Яғани, бизнес үшін бұл келісім «нашардан да тәуір жағдай» болып тұр. Сонымен қатар әуе кемелері мен олардың қосалқы бөлшектеріне, жекелеген химия өнімдеріне, жартылай өткізгіштер өндірісіне арналған жабдықтарға, бірқатар аграрлық тауарларға тарифтің мөлшері 0 деңгейінде қалды.
Келісімнің ең даулы бөлігі энергетика саласына қатысты болды. Өз кезегінде ЕуроОдақ орыстың мұнай-газынан толықтай бас тартып, оны АҚШ-тің отын энергетикасымен алмастыратын болды. Енді кәрі құрлық елдері алдағы 3 жылда АҚШ-тан LNG, мұнай және ядролық отын сатып алуға 750 млрд доллар бағыттауға уағдаласты. Осылайша Тармп пен Урсула фон дер Ляйен ханымның кездесуінен кейін санкциялық тәртіп күшейіп, Мәскеудің рентасын қысқарғанын түсіндік.
Үш жыл ішінде қағаз жүзінде Еуропаға АҚШ-тан келетін мұнай, газ, көмір импортын үш есеге дейін ұлғайту қиын емес. Бірақ отын энергетикасын жеткізетін инфрақұрылым осыған дайын ба? Әдетте экспорт терминалдары көпжылдық циклмен салынатыны белгілі. Бүгінде Еуропада жаңа жобалар бар, бірақ олар да уақыт, капитал, кемелер флоты, сақтандыру, экипаж сынды дүниелерге тәуелді екенін де естен шығармаған абзал.
Еуропаның жағалаудағы терминалдар кеңейгенімен, құрлық ішіндегі инфрақұрылым біраз өзгерісті бастан кешейін деп тұр. Газды теңіз логистикасынан қабылдап алғаннан кейін оны Орталық және Шығыс Еуропаға жеткізу үшін ішкі интерконнекторлардың өткізу қабілеті, сақтау қуаты, кері ағын мүмкіндігі салмақты рөл ойнайтны белгілі. Бұл мәселені шешу үшін уақыт пен ақша қажет.
Ядролық отын тақырыбы да оңай емес. Ресей отынын америкалықпен алмастырудың астарында конверсия мен байыту қуатын қайта құру машақаты тұр. Бұл – жылдар мен миллиардтарға есептелетін өндірістік тізбек. Реактор типтерінің әркелкілігі, регуляторлық талаптар, жеткізу кестелері – бәрін бір сәтте реттеп тастау мүмкін емес.
Қазірдің өзінде Ақ үй қожайыны Трамп «ЕО-дан 600 млрд долларлық инвестиция, америкалық қару-жараққа ірі тапсырыстар келеді» деп халқына хабар беріп, сүйінші сұрап қойды.
Экспорт күшейген сайын АҚШ ішіндегі газ бағасы «саяси дауысқа» айналуы мүмкін. Өндіріс пен коммуналдық қызметтің шығыны өссе, Конгресс алдында «ішкі рынокты қорғайық» деген ұран көтерілуі де ықтимал. Мұндай тәуекел Еуропаның қауіпсіздік матрицасына да кіретіні анық. Демократиялық елдерде бір сайлаудың өзі жаңа тарифтік келісімді өзгертіп жіберуі мүмкін. Демек, бір ғана бағытқа ставка қою үлкен қателік болып саналады. Бұл келісімнің қаншалықты өміршең екенін уақыт көрсетеді.
Келісімнің басты саяси логикасы – Еуропа санкциялық желіні берік ұстап, энергияда тәуелділікті азайтқысы келсе, АҚШ индустриялық қайта өрлеуді сақтап, геоэкономикалық ықпалын арттыруды көздейді. Бірақ саясат пен экономикалық мүдде ұдайы ұштаса бермейтіні де жасырын емес. Энергетика саласында басты салмақ компрессор мен криогеникаға түсетіні белгілі. Ал сауда декларациясында тасымал мен сақтандыру мәселесі алға шығатыны анық.