Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады, —деп хабарлайды ErtenMedia.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонның Рональд Рейган атындағы Ұлттық әуежайы маңында болған ұшақ апатынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трампқа, қайтыс болған жандардың отбасыларына және қайғылы оқиғадан зардап шеккен азаматтарға Қазақстан халқының және өзінің атынан көңіл айтты.
Айта кетейік, АҚШ астанасы Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының маңында ұшақ тікұшақпен соқтығысып, өзенге құлаған болатын.
Оқиға маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, тікұшақтар мен қайықтар жұмылдырылған.
Канзас штатының сенаторы Роджер Маршалдың сөзінше, Вичитадан Вашингтонға ұшқан ұшақтың бортында 60-қа жуық жолаушы болған.