АҚШ сенаты Джули Стаффтты Қазақстандағы жаңа елші қызметіне бекітті. Бұл тағайындау екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді. АҚШ пен Қазақстан байланысының тарихына көз жүгіртсек, әр елшінің келуі өз дәуірінің саяси салмағына қарай ерекшеленіп отырған. Сондықтан Джули Стаффттың ротациясына геосаяси тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды қадам деп қарауға болады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа елші тәжірибелі дипломат саналады. Ол Молдовада АҚШ миссиясы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған, одан бұрын Ресейде де жұмыс істеген.
Ресей, Польша және өзге тілдерді жетік меңгерген Стаффт посткеңестік кеңістіктің ерекшелігін жақсы біледі. Яғни, аймақ елдерінің экономикалық және саяси ахуалын түсінетін дипломаттың Астанаға келуі кездейсоқ емес.
Сарапшылардың айтуынша, Вашингтонның Орталық Азияға деген қызығушылығы соңғы жылдары күшейіп келеді. Украинадағы соғыс, Қытайдың белсенділігі мен Ресейдің санкциялар астындағы саясаты АҚШ-ты жаңа аймақтық серіктестіктер іздеуге итермеледі.
Джули Стаффттың алғашқы мәлімдемелерінің бірі энергетика саласына қатысты болды. Ол Қазақстанға американдық инвесторларды тартуға дайын екенін ашық айтты. Бұл бағытта АҚШ мұнай-газ және жаңартылатын энергия көздері секторында инвестиция көлемін арттыруды көздеп отыр.
Себебі Қазақстан Каспий аймағындағы энергетикалық баланстың негізгі ойыншысы. Ал АҚШ үшін бұл тек экономикалық мүмкіндік емес, геосаяси тұрақтылықтың да кепілі.
Сонымен қатар, Стаффт қазақстандық билікке экспорттың баламалы бағыттарын іздеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеп, Қытай мен Ресей арасындағы дәліздерге тәуелділікті азайтып, Каспий арқылы өтетін бағыттарды кеңейтуге мүдделі екенін емеурінмен жеткізді.
Алдағы уақытта Стаффттың миссиясы әлдеқайда күрделі болады деп күтілуде. Өйткені қазіргі геосаяси ахуалда Қазақстан көпвекторлы саясатты сақтап, Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Осы тепе-теңдікті сақтау елші мен қазақстандық дипломаттардың басты сынағы болмақ.