Қазақстандағы ақылы жолдар биыл бюджетке 79 млрд теңге табыс әкелді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет отырысында баяндама жасаған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев соңғы жылдары елдегі автожолдардың ауқымды жаңартудан өткенін айтты. Оның мәліметінше, 2025 жылға дейін жалпы ұзындығы 13 мың шақырым болатын жол салынған немесе толық жөндеуден өткен.
Сонымен қатар шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2027 жылға қарай 37 бекет толықтай қайта жабдықталмақ.
Министр жол инфрақұрылымын цифрландыру да басым бағыт болып қала беретінін жеткізді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, e-Joldar бағдарламасы аясында әрбір жол учаскесінің цифрлы паспорттары әзірленуде. Бұл болашақта жүргізушісіз басқарылатын көліктерді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Жол жабындысының сапасын жыл сайын тексеруге жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдар бойында 220 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған, олардың 71-і қазірдің өзінде іске қосылды.
Министрдің айтуынша, ақылы жолдар бюджетке түсетін салмақты азайтып, табыс әкелетін тиімді құралға айналған. Жол ақысын KazToll жүйесі арқылы жинау өзін толық ақтап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов биыл өңірде 856 шақырым автожолдың жөнделгенін мәлімдеген болатын. Жол жөндеуге салынған инвестицияның жалпы көлемі 98 миллиард теңге.

