Шымкентте мектептің 13 млн теңгесін жымқырған бас бухгалтер сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Шымкент қаласындағы №43 мектептің бас бухгалтері Айдана Мекемтас екі жарым жыл бойы мектеп бюджетінің қаражатын заңсыз түрде өз пайдасына жаратып келген.
Сот мәліметіне сүйенсек, 27 жастағы бухгалтер 2022 жылдың қаңтарынан бастап, 2024 жылдың тамыз айына дейін мектептің электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, 15 мұғалімнің жалақысын еш себепсіз көтеріп отырған.
Артынша «техникалық қате кетті» деген желеумен артық аударылған қаражатты мұғалімдерден қайтадан өз есепшотына жіберуді талап еткен.
Одан бөлек, мектепке қажетті тауар сатып алу үшін бөлінген қаржыны жалған жолмен жеке кәсіпкердің шотына аударып, кейін сол қаражатты да өзі пайдаланған.
Айдана Мекемтастың мемлекетке келтірген шығыны 13 миллион теңгеден асып кеткен.
Сот барысында бас бухгалтер өз кінәсін толық мойындап, ақшаны жеке қажетіне жұмсағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол сот отырысына дейін келтірілген шығынды толықтай өтеп берген.
Шымкент қаласының соты Мекемтасты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары («Қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру») бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды.
Үкімге сәйкес, ол бұдан былай мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда өмір бойы қызмет ете алмайды.
Іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде Шымкент қалалық білім басқармасы танылды. Соттың үкімі заңды күшіне еніп, Айдана Мекемтас сот залында қамауға алынды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейтін болады.