«Асар-Уме» қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев атышулы Перизат Қайраттың ісі бойынша сотта куәлік берді деп жазады Ertenmedia.
Асхаттың иелігіндегі қор былтыр Газа секторындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек деп «BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қорына 200 млн теңге аударған.
Нұрмашев Перизат Қайратпен бұрыннан таныс-біліс екенін, бұған дейін де бірқатар акцияларда кездесіп, араласып-құраласып тұрғанын айтады.
2023 жылы Таяу Шығыстағы ахуал ушығып кеткенде, Перизат Палестина елшілігімен арнайы мәмілесі барын айтып, зардап шеккен қауымға жылу жинай бастайды.
Сол тұста оның халықаралық гуманитарлық хаб орналасқан Әбу-Дабидегі үлкен қоймаға емін-еркін кіріп-шығатыны да белгілі болған.
Ақша жинауды бастамас бұрын «Асар-Уме» қорының өкілдері Перизаттың шақыруымен әлгі қойманы көзімен көріп қайтқан. Сапар шығынын толықтай Перизаттың өзі көтерген. Нұрмашев ақшаның қайдан келгенін сұрамаған.
«Перизат сол қоймаға ертіп апарды. Бұл 2023 жылдың 11 қарашасы еді. Үш күн бұрын ғана ол бізге складқа кіріп-шығатын арнайы рұқсаты барын, тіпті БАӘ-ның билеуші отбасымен де әмпей-жәмпей екенін айтқан болатын. Ол қоймаға екінің бірі кіре алмайды, кіруге арнайы аккредитация қажет», – дейді Нұрмашев.
Сөйтіп, небәрі 5 күннің ішінде «Асар-Уменің» үндеуіне үн қатқан қазақтардан жалпы сомасы 293 млн теңге жиналған. Қор басшылығы әлгі соманы бірден толық жіберуге жүрексініп, ақшаны бөліп-бөліп аударуды ұсынған.
Перизат болса, керісінше, ақшаны басыбүтін жіберуді талап етеді.
«Қор құрылтайшыларымен кеңесе келе, ақшаны 50 млн-нан транштап жіберуге шешім қабылдадық. Қордың тарихындағы ең үлкен гуманитарлық жоба еді. Жауапкершілік ауыр. Оның үстіне, қақтығыс аймағына алғаш рет көмек жіберіп отырғандықтан, тәуекелге бармадық.
Перизат ақшаны толық жіберуімізді талап етіп, бет-бақтырмай қойды. Айтуынша, Әбу-Дабидегі хаб басшылары әлемнің түкпір-түкпірінен түсетін миллиондаған долларлы траншпен жұмыс істейді екен.
Сол себепті біз жібергелі отырған шағын сома олардың талабына сәйкес келмейтін көрінеді», – деді Асхат Нұрмашев сотта.
Ақыры екі жақ 200 млн теңгені бірден жіберіп, қалған 93 млн-ды есеп бергеннен кейін аударуға келіседі. Алайда Перизат ұсынған есеп-қисапқа көңілі толмаған «Асар-Уме» қалған қаржыны аударудан бас тартқан.