Ақтау қаласының энергетикалық инфрақұрылымы тағы бір маңызды нысанмен толықты. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен қуаты 110/10 кВ болатын «ХАБ-1» қосалқы станциясы іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа энергетикалық нысанның іске қосылуы қаланың энергетикалық әлеуетін едәуір арттырады. Қосалқы станцияның қуаты 63 МВА-ны құрайды, бұл шаһардың өсіп келе жатқан электр жүктемесін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– «ХАБ-1» қосалқы станциясын іске қосу облыстың энергетикалық тұрақтылығын нығайтудағы маңызды қадам. Бұл жоба Ақтау қаласының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, апатты ажыратуларды азайтуға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба аясында шаһарда қосалқы станцияға іргелес шамамен 270 шақырым электрмен жабдықтау желілері тартылды. Бұл өз кезегінде 18, 18А, 19, 19А, 20, 20А және 36-42 шағынаудандарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа нысан Ақтау қаласының энергетикалық инфрақұрылымын дамыту және Маңғыстау облысының стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру аясындағы маңызды кезең саналады.
Айтқандай, Маңғыстауда нашақорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







