Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктері Бразилиядан Қазақстанға қайтарылып, ұшақ апаты туралы қорытынды беру үшін комиссияға тапсырылды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді, деп жазады Ertenмedia.kz.
«ҚР Көлік министрлігінің авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссиясы ИКАО-ның 13-қосымшасының стандарттарына сәйкес барлық дерек пен материалдарды егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін алдын-ала есеп жариялайды, онда анықталған нақты ақпарат пен тергеу барысы туралы ақпарат беріледі. ҚР-ға жеткізілген борттық өздігінен жазғыштардан алынған деректерді мамандар зерттеп жатыр», — деп жазылған Көлік министрлігі хабарламасында.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.

