Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінде қызмет атқарған 42 жастағы сержант сарбаздарды темекі тұқылын жеуге мәжбүрледі деген айыппен сотталды. Бұл оқиғадан кейін сарбаздардың бірі улану белгілерімен медициналық пунктке жүгінген. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оқиғаның мән-жайы
Тергеу мәліметтері бойынша, әскери бөлім аумағын тазалау кезінде сержант жерде жатқан темекі тұқылдарын тауып, қатардағы екі сарбазға оларды жеуді бұйырған. Басылым мәліметінше, сарбаздар бұйрыққа бағынуға мәжбүр болып, темекі тұқылын жеген. Артынша олардың бірі өзін жайсыз сезініп, медициналық пунктке барған.
Келесі күні сержант жатын бөлмедегі тәртіпсіздікке көңілі толмай, сол екі сарбаздың бірін бірнеше рет тепкен.
Соттағы айыптаулар мен куәгерлердің жауабы
Сот процесі барысында сержант өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Ол сарбаздарға заңсыз бұйрық бермегенін және ешкімді ұрмағанын айтты.
Ал зардап шеккен сарбаздардың бірі сержанттың өзіне күш қолданғанын және оны темекі тұқылын жеуге мәжбүрлегенін растады. Ол бұл туралы отбасына хабарлап, әкесіне денесіндегі көгерген жерлердің суреттерін жібергенін айтты.
Алайда екінші сарбаз сержантқа ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізіп, досының соққыға жығылғанын көрмегенін және өзі бәліштен уланғанын мәлімдеді.
Сот үкімі
Сот сержанттың билікті асыра пайдаланғаны толық дәлелденді деп шешіп, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жаза мерзімі біткенше жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарту туралы үкім шығарды.