Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен үшінші қырғызстандық бүгін Ұлттық госпитальдан шығарылды. Бұл туралы Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі өкілі мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Зардап шеккендер арасында Қырғызстанның үш азаматы болды. Олар 30 желтоқсанда Отанына жеткізілді. 8 қаңтарда зардап шеккен екі адам ауруханадан шығарылғаны хабарланды.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.