Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовке 100 жылқы сыйлаған Әнуар Маханов атты кәсіпкер неліктен мұндай сый жасағанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
“Елдос чемпион болған кезде бәріміз қуандық. Бүкіл әлемге қазақ атын паш етті. Қуанғаннан 100 жылқы бердім. Өзіне де “чемпиондарды тәрбиеле” деп айттым. Өмірде ақшаның маңызы бар ғой. Ешкімге тәуелді болмасын дедім. Жылқы атау қазақы дәстүр, жол. Шаруасы болсын”, — дейді кәсіпкер Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында
Басылым мәліметінше, Әнуар Маханов жарыстарға баратын ауылдың балаларын әрдайым қолдап жүргенін айтады.
“Қазір Маңғыстау мен Атырау облысына қазір су жетпей жатыр ғой. Су саласы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Жобаларым бар. Мұнай-газ саласында да жобаларым бар. Ауылда бәріне жұмыс болсын деп шаруашылық ашып қойғанмын. Үнемі ол “менікі емес, елдікі” деп айтып жүремін. 20 шақты жылдан бері шаруашылықта 40-ден аса адам жұмыс істеп жатыр”, — дейді ол сұхбатында.
Кәсіпкер 100 бас жылқыны чемпионның ауылына жеткізгелі отыр. Оның алдында Әнуар Маханов чемпионды елге шақырып, киелі орындарды көрсетпек. Әнуар Маханов бұрын Елдосты танымаған. Чемпион болғаннан кейін екеуі телефон арқылы сөйлескен.
“Елдос алтын алатын шығар деп үміттенгенмін. Ақтады ғой. Түнімен ұйықтамай күтіп, бірінші белдесуінен бастап қарадым. Бақ пен бап бірге жанып тұр ғой. Мықтылардың бәрін жеңді ғой”, — дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер жарияға жар салып, ешкімге мақтанғысы келмегенін айтады.
“Баяғыда бабаларымыз, Құнанбайлар мама бие сыйлаған ғой. Тай емес, сол жолмен мама бие сыйладым”, — дейді ол.