Блогер Евгений Мұхамеджанов өзінің Фейсбуктағы жазбасында «Кейде экология туралы жаңалықтарды оқығанда Қазақстаннан кетіп қалғың келеді» деп күйініпті. Ол бір апта бұрын Астанада Мәжілісте «Республика» партиясының шақыруымен, қалдықтарды басқару мәселесі бойынша сөз сөйлеген. Партия утильалым мен қоқыс тақырыбын арнайы күн тәртібіне шығарып, ұзақ уақыт назардан тыс қалған саланы қозғағаны алға тартты.
Мәжілістегі жиынға экология министрлігі, қалдықтармен айналысатын басқарма өкілдері және «Жасыл даму» компаниясының толық басшылық құрамы шақырылған. Депутаттар кездесуді бірнеше рет министр келсін деп шегерген. Соған қарамастан министр жиынға қатыспады.
Халық қалаулылары мұны Парламентке көрсетілген құрметсіздік ретінде хаттамаға енгізуді сұраған.
– Кездесу барысында министрлік те, «Жасыл даму» өкілдері де нақты жауап беруге қиналды. Олар тек түсіндірмесі жоқ, контекстсіз цифр көрсетумен шектелді. Тақырыпты көтерген депутат Нұргүл Тау төзімі таусылып: «Араларыңызда бірде-бір салалық маман жоқ. Бәріңіз қаржы, менеджмент, IT саласынансыздар. Нақты нарықта жұмыс істеп көрмегендеріңіз жұмыстарыңыздың нәтижесінен көрініп тұр» деп ашық айтты. Сол сәт залдағы жағдайдың өзі Қазақстандағы қалдық саясатының қай деңгейде тұрғанын көрсеткендей болды, – дейді блогер.
«Жасыл даму» утильалым жинауды өз қолына алған 3,5 жыл ішінде есеп-шоттарында 1 триллион теңгеден астам қаржы жинаған. Сол аралықта компания қызметкерлеріне жалақы мен бонустарға 25 миллион доллардан көп қаражат жұмасап өлгеріпті. Мұндай мол сыйақының сырын білу үшін сенаторлар компанияға толық аудит жүргізуді сұрағанымен, онысы жүзеге аспаған.
Көп елде қалдықты өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі жүйесі жұмыс істейді. Яғни, қорап, бөтелке, банка шығарған кәсіпорындар өз қалдығын өздері жинап, қайта өңдеуді ұйымдастырады. Қазақстанда да дәл осындай модельді дамытуға мүмкіндік бар деп есептейді.
Мәселен, картон қаптамасы бар өнім өндірушілер өзара бірігіп, қағаз-қаптама қалдықтарын жүйелі жинайды. Сусын шығаратындар алюминий банка мен пластик бөтелкені өз күшімен жинауға қабілетті. Ал Алматы сияқты ірі қала утильалымның бір бөлігін өз деңгейінде ұйымдастыра алады, себебі ірі зауыттардың көбі сол өңірде орналасқан, әрі елдегі өнімнің 30 пайызы осы қалада сатылады.
Блогердің пікірінше, экология министрлігі бүгінгі таңда өзіне тән емес қызметпен айналысуда. Яғни, қайта өңдеу және қоқыс өңтейтін зауыттар салуды мойнына алған. Бұл өндіріс пен өнеркәсіпке жауапты министрліктің шаруасы. Экология ведомствосының басты міндеті зауыттардың ауаны, суды, топырақты ластамауын қадағалау, норманы бұзғандарды тоқтату. Ал Экология министрлігі болса екі кеменің басын қатыр ұстап, суға батаудың алдында тұр.
Автордың ойынша, Қазақстандай халқы аз, аумағы өте үлкен ел үшін басты мақсат қоқыстың өз көлемін барынша азайту. Әртүрлі стандартсыз қаптаманы шектеу, бір рет қолданылатын бұйымдардан бас тарту арқылы қалдықтың түпкі көлемі төмендейді. Ал жиналған шикізатты өңдеу кейде ел ішінде зауыт салудан гөрі көрші Ресей немесе Өзбекстанға шығару арқылы да шешілуі мүмкін. Экономикалық жағынан тиімсіз, экологияға қосымша қауіп төндіретін зауытты күшпен сала бергеннен гөрі, дайын инфрақұрылымы бар өңірге шикізат тасу кей жағдайда ұтымдырақ болары сөзсіз.
Евгений Мұхамеджановтың ойынша утильалымнан түскен триллиондар нақты іске жұмсалмайынша, «Жасыл даму» атауы да, экология министрлігінің жобалары да қоғамға сенім ұялата алмайды. Қалдықты азайту, қаптаманы стандарттау, өндірушінің жауапкершілігін арттыру сияқты қарапайым қадамдар іске аспай тұрғанда, жаңа зауыт салмыз деп шала бүлінудің қажеті шамалы.

