Мәжіліс отырысында Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға, арақ ішуге тыйым салуды ұсынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Осы заң аясында Түркістан — рухани астанамыз, Түркістан — арақсыз қала деп Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ?! Өйткені рухани астана деп отырмыз, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?» — деді Назаров.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев депутаттың сауалына жауап беріп, бұл мәселе орынды екенін, болашақта заң аясында қарастырылуы қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте депутаттар «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын талқылады.