Бас прокуратура Арғын Нығматулин қандай күдікке ілінгенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қадағалау органы Арғын Нығматулинге және Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Соталды тергеп-тексеру шеңберінде А.З. Нығматулин күдікті деп танылды, сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды және ол Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты іздеу жарияланды», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды.
Бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді. Іздеуге бастама жасаған — прокуратура.
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин — Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.