Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеуге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Сенат дәлізінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Шындалиев Арғын Нығматулин Қазақстаннан тыс жерлерде болуына байланысты іздестіріліп жатқанын айтты.
«Халықаралық іздеу жарияланса, онда ол Қазақстанда емес болуы мүмкін. Халықаралық іздеу әрқашан Интерпол арқылы жүзеге асырылады. Біздің құқық қорғау органдары өз бетінше жүргізе алмайды. Интерпол бойынша қызыл бюллетень қойылады, содан кейін Интерпол анықтап, хабарлайды», — деп түсіндірді Шындалиев.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды.
Бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді. Іздеуге бастама жасаған — прокуратура.
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин — Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.