Арыс қаласында дүкен сатушысы мен оның інісін топ болып жабылып ұрып-соққан оқиға орын алды. Жанжалға жарамсыз ақшаны қабылдаудан бас тартқаны себеп болған деп жазады Ertenmedia.kz Orda-ға сілтеп.
Жәбірленуші Алмасбек Әлібайтегінің айтуынша, оқиға 12 наурыз күні кешке болған. Сатып алушылардың бірі оған 500 теңгелік жыртылған купюраны берген. Ақшаны жарамсыз деп қабылдаудан бас тартқан сатушыға олар: «Қалай қабылдамайсың? Қазір үлкендерді шақырып, бетіңді быт-шыт қыламыз!» деп қоқан-лоқы жасаған.
«Мен кассада жалғыз болғандықтан, жұмысымды жалғастыра бердім. 15–20 минут өткенде дүкенге он шақты адам кіріп келді. Үшеуі есікті жауып тастап, төртеуі маған жабыла кетті. Жұдырықтап, аяқпен тепкілеп, басымнан еден жуатын швабрамен ұрды. Бір сәт есімнен танып қалдым», – дейді жәбірленуші.
Сол кезде дүкенге 11-сыныпта оқитын інісі келіп, ағасына араша түспек болады. Бірақ шабуылшылар 16 жастағы баланы да аяусыз соққыға жыққан.
«Есімді жиған кезде інімді де ұрып жатқанын көрдім. «Оған тиіспеңдер!» деп айғайлап, көмекке ұмтылдым. Ол да бірде есін жоғалтып, бірде қайтадан келіп жатты. Сосын шабуылдаушылар қолына түскен заттарды алып, қашып кетті. Бауырым орнынан тұрып, үйдегілерді шақырды. Кейін бір апта ауруханада жаттық. Қабырғам зақымданған, басым шайқалған, ернім жыртылып, тісім босап қалған. Алайда дәрігерлер тек ми шайқалуы деп көрсетіп, үйге жіберді», – дейді Алмасбек.
Оның айтуынша…
Ауруханада жатқанда полиция қызметкерлері мүлде келмеген, арызын қабылдамаған, тіпті оны күдікті ретінде рәсімдеуге тырысқан. Тек оқиға әлеуметтік желіге тарап, көпшілік наразылық білдірген соң ғана полиция әрекетке көшкен.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір оқиғаға қатысты «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір топ болып жасалған бұзақылық әрекеті бойынша тергеу жүріп жатыр. Екі күдікті қамауға алынды», – деді басқарма басшысы Мұхтар Сейдилдаев.
Жәбірленушілер істің тек бұзақылық ретінде қаралуына қарсы. Олардың пікірінше, шабуылшылардың барлығы жауапқа тартылып, оқиға бұзақылық қана емес, денсаулыққа қасақана зиян келтіру және тонау ретінде бағалануы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







