Алматыда мемлекеттік меншіктегі ірі ғимараттың күмәнді жолмен жекешеленгені анықталды. Құны 2,6 млрд теңге тұратын «Баспалар үйі» 2016 жылы небәрі 343 млн теңгеге жеке қолға өтіп кеткен.
Алматы прокуратурасының талабы бойынша ғимарат сот арқылы мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұрын Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты болған нысан кәсіпкер Ербол Назаровтың меншігіне аукцион арқылы өткен.
Бастапқы бағасы 2,6 млрд теңге деп көрсетілгенімен, ғимарат бар болғаны 343 млн теңгеге сатылып кеткен. Сол тұста министрлік басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы болған еді.
Арзан бағаға сатылып кеткені былай тұрсын, кейін ғимарат бірнеше рет басқа адамдардың қолына көшіп, ақыры Майраш Мырзабекованың атына тіркелген.
Бұл іске прокуратура араласып, тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықты анықтады.
Біріншіден, мемлекет мүлкі шектен тыс төмен бағаға сатылған. Екіншіден, ғимараттың жертөлесінде 300 шаршы метрлік бомбадан қорғану орны (бомбоубежище) болған.
Заң бойынша азаматтық қорғанысқа жататын мұндай стратегиялық нысандарды жеке меншікке беруге мүлдем тыйым салынған.
Іс материалына сәйкес, бомбадан қорғану орны бар ғимараттың бөлігі 2004 жылы-ақ «Баспалар үйінің» балансынан шығарылып қойған. Бірақ 2015 жылғы бағалау кезінде бұл маңызды дерек есепке алынбаған. Сондықтан да кейінгі жасалған сатып алу-сату шарттары заңсыз деп танылды.
Осы негізде Алматының Алмалы аудандық прокуратурасы сотқа жүгініп, «Баспалар үйін» мемлекет меншігіне қайтаруды талап еткен. Сот отырысында жауапкерлердің барлығы дерлік тағылған айыптарды жоққа шығарды. Олар мәміленің заңға сай жасалғанын айтып, шешіммен келіспейтінін білдіргенімен, Алмалы аудандық соты прокурорлардың дәлелдерін толық қолдап шықты.
Апелляциялық сот алқасы да бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, ұзақ жылға созылған даулы мәселе шешіліп, стратегиялық ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды.