TikTok-та «Әнуарбек-мотиватор» атымен танымал спортшы Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әлемжеліге мониторинг жасаған полиция қызметкерлері атышулы видео кейіпкерін анықтады. Видеода әуесқой жекпе-жекпен айналысатын, реалити-жобаларға қатысқан Әнуарбек жұртқа доқ көрсетіп, дөрекі сөйлеп, өзін «батыл әрі адуынды» кейіпте көрсеткен.
Кейін полицияға жеткізілген спортшы мұның бәрі «қойылым» екенін, тек желіде танымал болу үшін түсіргенін мойындапты.
Министрліктің мәліметінше, желіде «крутой» болып көрінген бейнежазба шын мәнінде арзан-құрзан танымалдыққа деген ұмтылыс қана. Сот шешімімен Әнуарбек Бекембетовке ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамау жазасы берілді.
Полиция өкілдері агрессия, дөрекілік және жасанды батырлықты жастарға үлгі етудің қауіпті екенін ескертті.
«Мұндай әрекет әсіресе спортшыларға жараспайды. Олар жастарға тәртіп пен мәдениеттің үлгісін көрсетуі тиіс.
Осындай агрессивті, бейәдеп «қойылымдар» қоғам тыныштығын бұзып, жас ұрпақтың өмірлік құндылығын бұрмалайды. Министрлік бұдан әрі де әлемжеліде танымал болуды көздеп, агрессия мен қатыгездікке баратындардың жолын кеседі.
Осындай оқиғалар әлі де анықталып, заң аясында шара қолданылады», – деді полиция.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

