Бүгін Маңғыстау облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың Азаматтарды қабылдау орталығында өткізген жеке қабылдауы болды. Әкім орынбасары адаммен бетпе-бет отырып, мұңын тыңдаудың үлгісі. Қабылдауға келген әрбір азамат айтар ойын іркіп қалмай, өңірдегі өзекті мәселелерді ашық жеткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кейбірі жұмыссыздық жайлы уайымдаса, енді бірі ауылдағы ескі амбулаторияның жағдайын айтты. Көше жарығы мен ауызсу құбырынан бастап, спорт нысандарының жоқтығына дейін сөз болды.
Асхат Оралов әр өтінішке мұқият құлақ түріп, қайсысы заң аясында шешіледі, қайсысына уақыт керек екенін ашық түсіндіріп отырды.
– Халықпен байланыс жұмыстың жүрегі. Біз атқарушы билік ретінде, әрбір айтылған мәселеге немқұрайлы қарамауымыз керек. Кез келген шешім – адамның өміріне әсер етеді, – деді Асхат Оралов қабылдауда.
Қарапайым адамдардың көтерген мәселелері тек әлеуметтік саланың айналасындағы шектеулі шеңбер емес. Ол өңірдің тынысын көрсететін барометр іспетті.

Денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған ескертулер білікті дәрігердің жетіспеуі, ауылға жолдың ауырлығы сияқты мәселелердің бір ұшы. Ал жастардың спортқа тартылмауы тек жаттығу залының жоқтығынан ғана емес, ауылдағы бос кеңістіктердің бейберекеттігінен де болып отыр.
Осындай кездесулер арқылы әкімдік тек есеп беріп қана қоймай, нақты жағдайды естіп-біліп отыр. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын жергілікті деңгейде жүзеге асырудың бір жолы.
Облыста әлеуметтік жағдайды шешудің жолы азаматпен сөйлесу, оны тыңдау, бірге шешім іздеу. Қабылдау кезінде айтылған өтініштер алдағы жұмыс жоспарының өзегіне айналуы керек.

