Ашхабадта өткен Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылына арналған форумда ТМД елдері делегациялары басшыларының басым бөлігі дәстүрлі түрде орыс тілінде сөйлеген. Мұны Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та ашық айтты. Оның сөзінше, форум барысында орыс тілін пайдаланбаған екі ел ғана болған. Олар Грузия мен Армения, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Форумда негізгі жұмыс тілі орыс тілі болды. Бірақ Грузия мен Армения өкілдері өз баяндамаларын бұл тілде жасаған жоқ, – деді Ушаков.
Бұл әр елдің саяси ұстанымы мен өз орнын қалай көретіні туралы белгі. Ашхабадтағы мінберде кімнің қай тілде сөйлегені сол елдің қай бағытқа қарап отырғанын аңғартты. Бірі ортақ кеңістікті сақтауға бейіл, енді бірі бұрынғы байланыстардан алыстауға тырысады.
Форум аясында Ресей президенті бірқатар екіжақты кездесулер де өткізді. Ирак, Иран, Түркия және Пәкістан көшбасшыларымен жүздесулер болды. Әсіресе Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путиннің кездесуі назар аудартты. Түркия президентінің баспасөз қызметі келіссөз мазмұнын жария етті.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынас, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жолдары, соның ішінде Еуропалық одақтағы ресейлік активтерді бұғаттау мәселесі сөз болған. Сонымен қатар атысты тоқтату және маңызды инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Ашхабадтағы форум тағы бір шындықты аңғартты. Қазір халықаралық алаңда үнқатысудың қай тілде айтылғаны маңызды екенін көрсетті. Кейде үнсіздік те, кейде тілден бас тарту да саяси мәлімдемеге айналып кетеді. Бұл жаңа емес, бірақ бүгінгі жағдайда бұрынғыдан да анық көріне бастады.

