Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жалақысы тағы да көтерілетінін хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскерилердің жаңа еңбекақы жүйесі бойынша жалақыны өсірудің екінші кезеңі басталғанын жария етті.
Бұл жолы офицерлердің жалақысы 23 пайызға, ал қатардағы сарбаздар мен сержанттардың еңбекақысы бұған дейінгі өсімге қосымша тағы 10 пайызға жоғарылайды.
«1 қаңтардан бастап офицерлердің айлығы орташа есеппен 20,3 пайызға, қатардағы жауынгерлер мен сержанттардікі 33,9 пайызға өскен еді. Бұған қоса, әскерилерге бұрын тоқтатылған далалық төлем жүйесі қалпына келтірілді. Енді 1 шілдеден бастап сарбаздар оқу-жаттығу, теңіз жорығы және далалық шараларға қатысқаны үшін күн сайын 1,2 АЕК көлемінде, яғни 2026 жылғы көрсеткішпен 5 190 теңге төлем алады. Бұған қосымша іссапар құжаттарын рәсімдеу талап етілмейді», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік әскердегі сарбаздар мен олардың отбасыларына қаржылық тұрғыдан қолдау көрсетілгенін де айтты.
«Жалпы сомасы 8 миллиард теңгеге жуық несие алған 20 мыңнан аса мерзімді әскери қызметшіге несие төлемдеріне уақытша демалыс берілді», – делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар, бұдан былай сарбаздар нарықта сұранысқа ие ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, экскаваторшы, байланыс маманы, дизелист-электрик, парамедик және басқа да мамандықты тегін меңгере алады.
Айта кетелік, бұған дейін президент Turkistan газетіне берген сұхбатында әскердегі сарбаз өлімі мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

