Қазақ журналистикасында сұқбат алу бақыты бұйырған санаулы тұлғалар болады. Солардың бірі академик Асқар Жұмаділдаев. Оның әр әңгімесі оқырманның интеллектуалдық сұранысын толық өтейтін құнды қазына.
Әлемдік деңгейде мойындалған ғалыммен сұқбаттасу журналист үшін ғана емес, басылым үшін де джек-пот ұтқанмен бірдей. Мұндай сұқбат басылым беделін еселеп көтеріп, оқырманды магнитше тартады. Белгілі журналист Кәмшат Сәтиева академикпен болған сұқбатының әсерімен бөлісіп, осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Асқар ағамен төрт мәрте сұқбат құрдым. Бәрінде де жаңа нәрсе үйреніп, әр сөзінен шабыт алдым. Біріншіден, ол кісіде бүгінгі заманның ритміне сай өзіне тән сөйлеу стилі бар.
Ұзын-сонар кіріспе мен қорытындыдан қашады. Бірден мәселеге көшіп, қысқа-нұсқа әрі нақты сөйлейді. Бұл оқырманның уақытын құрметтейтінінің белгісі.
Екіншіден, оның әрбір жауабы интеллектуалды мазмұнға толы. Бір ауыз сөзге бірнеше қабат мағына сыйдырып жіберетіні бар. Кейде осы себепті оның айтқанын терең түсінбей, қате ұғынатындар да жоқ емес», – дейді журналист.
Академиктің аузынан шыққан тосын идея
Кәмшат Сәтиеваның пікірінше, Асқар Жұмаділдаев әлемдік ғылыми ортада беделі биік тұлға. Ол дүниежүзіндегі жетекші университеттерде дәріс оқыған, ғылыми еңбегінің дені ағылшын тілінде жарық көрген. Яғни оның халықаралық беделі мен сұранысы күмәнсіз.
«Бір сұқбатында Асқар аға маған мынадай қызық ой айтты: «Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы бар. Әлемдік ЖОО-ларда әр курс студенттеріне сол кітаптың қысқа, ықшам нұсқасын ұсынады екен. Қазір бірден том-том роман оқуға жастардың зауқы да жоқ, уақыты да тапшы. Қысқаша нұсқасы түсінікті әрі ыңғайлы. Соны оқыған адам түпнұсқаға да қызығушылық танытар еді.
Бізде осы тәжірибе бар ма? «Абай жолының» қысқа, ықшамдалған нұсқасы бар ма?
Батырлар жырын 10 минутта жеткізетін сапалы мультфильм жасалған ба?» Осы сұрақ мені ұзақ ойландырды», – дейді журналист.
Кейін бұл мәселе журналистің жеке кәсіби тәжірибесінде де көрініс тапқан. Кәмшат Сәтиеваның айтуынша, оған бірде 20 беттік сұқбатты бар-жоғы бір жарым бетке сыйғызып беруге тапсырыс түскен екен.
«Әрине, мұндай тапсырма оңай емес. Жиырма беттегі ойды бұзбай, қысқа-нұсқа мазмұндап, жарты беттен сәл асатын көлемге ықшамдау үлкен еңбек. Дегенмен қолдан келді. Тапсырыс бергендер қатты қуанды. Олар: «Өзіміз қысқартсақ, жоғары жақтағылар қабылдамайды. Ал сіздің ықшамдауыңыз өтті. Шымшық сойса да, қасапшы сойсын деген осы екен ғой» деп алғысын білдірді», – дейді Сәтиева.
Уақыты жоқ оқырман
Журналистің пайымдауынша, қазір ұзақ мәтінді ешкім оқымайды. Оған уақытын да, телефонындағы мегабайтын да қимайды. Ал ғылым саласында ұзақ-сонар әңгімеге мүлдем орын жоқ. Мұнда тек дәлел мен факті сөйлейді.
Асқар Жұмаділдаевтың қазақ тілінің дамуы туралы айтқаны да осыған саяды. Ол тілдің көркемдік деңгейін емес, оның ғылыми әлеуетін, іскерлік қолданысын жетілдіру, терминологияны дамыту, заманауи талаптарға сай бейімдеу жайлы нақты айтады.
«Меніңше, ғылымның тілі тұрмақ, ғылымның өзінің (техника, технология, математика) иісі мұрнына бармайтындар үшін бұл тақырыпқа пікір білдірудің қажеті де жоқ. Оған кәсіби көзқарас, кәсіби пайым керек. Асқар ағамен сұқбаттың ерекшелігі де оның ғылым мен қоғам мәселелерін анық, нақты еш артық эмоциясыз жеткізуінде. Сондықтан оның сұқбаты интеллектуалды ортада сұранысқа ие», – деп қорытындылайды Кәмшат Сәтиева.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

