YouTube видеохостингі платформаға жаңа әрі маңызды функция қосты, бірақ ол көпшілік күткен жаңалық емес сияқты. YouTube-тың жеке хабар алмасу қызметін енгізгені Spotify-дың дәл осыған ұқсас мессенджерін іске қосуымен сабақтас келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания бұл мүмкіндікті сынақ ретінде 2025 жылдың қарашасында тек Ирландия мен Польшада шектеулі пайдаланушыға ұсынған болатын. Ал 2026 жылдың 3 наурызынан бастап, функцияны қолдану аясы кеңейіп, Еуропаның 31 елінде қолжетімді болды.
Олардың арасында Австрия, Бельгия, Германия, Грекия, Франция мен Италия бар. Алайда жаңа функцияның Америка құрлығы елдеріне қашан келетіні әзірге белгісіз. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл мүмкіндік 18 жастан асқан пайдаланушыларға ғана беріледі.
Сондықтан Google-дың жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жас тексеру жүйесінен өту қажет болады. Сондай-ақ функцияны пайдалану үшін YouTube аккаунтына кіру міндетті.
Жеке хабарламалар қызметінің басты мақсаты видеомен жылдам әрі ыңғайлы бөлісуді жеңілдету. Айта кетерлігі, YouTube осыған ұқсас қызметті 2019 жылы тоқтатқан еді. Енді ол жаңаша кейіппен қайта іске қосылып отыр.
YouTube-тың жеке хабарламаларды қайта енгізуі компанияның алдағы жаңартуларының көбіне жасанды интеллект технологияларына бағытталғаны туралы қауесеттер арасында қызықты қадам болды. Кейбір қолданушылар Reddit желісінде бұл функцияны қайта іске қосқанына қуанышты екенін білдірген. Олар бұған дейін жеке хабарламалар арқылы бейнеалмасудың ыңғайлы болғанын және функцияны қайта қолдануға асық екенін айтады.
Алайда бұл жаңалыққа күмәнмен қарайтындар да бар. Олар жеке хабарламалардың қажетсіз жарнамалар мен спам-хаттарға толып кетуі мүмкін екендігін алға тартып отыр. Дегенмен басқалар бұл жаңалық платформаның контент жасаушылары мен көрермендері арасында жақынырақ қарым-қатынас орнатуға жол ашады деп үміттенуде. Яғни ютуберлер өз көрермендерімен платформадан шықпай-ақ тікелей байланыса алады.
Бақытымызға қарай, Google бұл функцияны тек YouTube Premium немесе YouTube Premium Lite жазылымдарына ғана қолжетімді етпей, жалпы пайдалануға беріп отыр. Бұған дейін компания бірнеше премиум-функцияларын арзанырақ жазылымдарға ауыстырғаны белгілі еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







