Astana English School халықаралық мектебінің басшылығы үстінен ірі көлемдегі бюджет қаржысын ұрлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды деп жазады Ertenmedia.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, мектептің бұрынғы директоры мен бас бұғылтыры 900 млн теңгеден астам ақшаны заңсыз иемденген.
Тергеу нәтижесінде анықталғандай, қаражаттың бір бөлігі ата-аналардан нөлінші сыныптарға оқу ақысы мен жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол жиналған, алайда мекеменің ресми шотына түспеген. Күдіктілер жиналған қаржыны толығымен өз мақсатына жұмсаған.
Сонымен қатар, шамамен 16 млн теңге «жалған қызметкерлердің» нақты жұмыс істемеген, яғни мекемеде тек қағаз жүзінде ғана тіркелген адамдардың шотына аударылған. Тергеу олардың арасында күдіктілердің туыс-туғаны болғанын анықтады.
Жымқырылған қаржыға күдіктілер жалпы құны 382 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік пен қымбатты автокөлік сатып алған. Оның ішінде елордадағы бір коттедж, екі пәтер және көлік бары белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған мүлік сот санкциясымен тәркіленіп, үстінен арест қойылды. Қылмыстық іске қатысты тергеу жалғасуда.