Алдағы үш күнде Қазақстанның қос мегаполисінде қыс қаһарына мінеді. Сынап бағанасы күрт төмендеп, қарлы боран мен үскірік жел күтіледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана тұрғындары 21 қаңтарда қалың қар, жаяу борасын мен ызғарлы желдің соғуына дайын болғаны жөн. Солтүстік-шығыстан ұйтқи соққан жел жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетеді. Түнгі мезгілде ауа температурасы -18…-20 градусқа дейін төмендеп, күндіз -14…-16 градус аяз болады.
22 қаңтарда да қалада күн райы күрт суытады. Қар аздап жауғанымен, боран күшейеді. Ауа температурасы түнде -22…-24 градус, күндіз -16…-18 градусты көрсетеді.
23 қаңтар астаналықтар үшін нағыз қыс сынағы болмақ. Түнде -25…-27 градусқа дейін қатты суытып, күндізгі температураның өзі -20…-22 градустан көтерілмейді. Бұған қоса, қар жауып, жел екпіні секундына 14 метрге дейін барады.
Алматы жұртын да ауа райы жаймашуақ күндермен қуантпайды
21 қаңтарда қалада жауын-шашынсыз, алайда түнгі және таңғы мезгілде қалың тұман түсіп, жолдар көктайғақ болады. Жел жылдамдығы секундына 2-7 метр. Түнде -11…-13 градус аяз болса, күндіз температура -3…-5 градусқа тұрақтайды.
22 қаңтар күні кешке қарай Алматыға қар жауып, солтүстік-шығыс желі күшейеді. Жел екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Температура түнде -8…-10 градус, күндіз -1…-3 градус шамасында сақталады.
23 қаңтарда қалада қар толассыз жауып, жел екпіні бәсеңдемейді. Түнде -5…-7 градус, ал күндіз -3…-5 градус аяз болады.
«Қазгидромет» мамандары бұған дейін елдің барлық аймақтарында қарлы боран, қатаң аяз және желдің күшеюін ескерткен еді. Ал солтүстік өңірлерде аяздың күші -38 градусқа дейін жетуі ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

