Елорда әкімдігінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған жас астаналықтарға мемлекеттік білім гранттарын табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Грант иегерлері – ҰҚК Шекара қызметінің қатарында әскери борышын өтеп, шекара заставаларында тікелей мемлекеттік шекараны қорғаған бес астаналық жас.
ЖОО-ға қабылдауға арналған сертификаттарды оларға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан табыстады. Ол жастарды өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, олардың жасаған таңдауының маңыздылығын атап өтті.
– Сіздердің таңдауларыңыз еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсу болды. Бұл – өте құптарлық қадам, – деді ол.
Әкім орынбасары сондай-ақ қаланың қолдауы жастардың мақсаттарына жетуіне сеп болатынына сенім білдірді.
– Қала атынан сіздерді қолдауды жөн көріп, грант табыстап отырмыз. Бұл – сіздердің қызметтеріңізге деген құрметтің, сондай-ақ алған білімдеріңізді қоғам мен мемлекет игілігіне жұмсайтындарыңызға деген сенімнің белгісі.
Сіздерге оқуда табыс және шабыт тілеймін. Студенттік өмірлеріңіз Отан үшін ерекше жаңалықтар мен үлкен жетістіктер кезеңіне айналсын, – деді Ерік Мейірхан.
Әскери борышын өтеп келген жастарға білім грантын беру жобасы 2023 жылы іске қосылды. Бұл – республикада алғаш рет қолға алынған, әлеуметтік белсенді, тәртіпті әрі жауапты сарбаздарды қолдауға бағытталған конкурс. Жоба Қорғаныс министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Грант иегерлері – азаматтық борышын атқарып қана қоймай, тәртіп пен жауапкершілік танытып, өзін-өзі дамытуға ұмтылған жастар.
Грант иегерлерінің бірі Қанат Рысбек Алматы облысында әскери қызметте болғанын және оқу үшін «физика» мамандығын таңдағанын айтты.
ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын адал орындаған ол өз әсерімен бөлісті.
– Алғашқы екі айдан кейін бізден университетте оқуды жалғастырғысы келетіндерді жинай бастады. Әр апта сайын түрлі критерий бойынша бағалады – дене дайындығы, тәртіп, үлгерім. Бізге дайындалуға уақыт бөлді, тіпті онлайн сабақтарға телефондар да берді. Емтихан онлайн форматта өтті – физика мен математикадан тапсырдым, әрқайсысынан 40 сұрақтан болды. Әскерден кейін университетке түсу мүмкіндігі берілгеніне өте ризамын – бұл әрі қарай оқуға және дамуға үлкен мотивация, – деді ол.
Тағы бір грант иегері – Жамбыл облысы Қордай ауданында әскери қызмет атқарған Бижан Шензах «сәулет» мамандығын таңдады.
«Бастапқыда-ақ бізден әскерден кейін университетке түскісі келетіндер жайлы сұрады. Постқа бөлінгеннен кейін алдағы тестілеу туралы хабарлады, біз дайындықты бастадық. Мұнда тек тест нәтижелері ғана емес, әскери қызметтегі жалпы дайындық – тәртіп, физикалық форма, атыс, нормативтер де ескерілді. Мұның бәрі қорытынды балға әсер етті. Іріктеуден өтіп, білім сертификатын алғаныма қуаныштымын. Бұл – үлкен қолдау», – деді ол.