Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы дамытуға жеке инвестицияларды тарту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы елорда экономикасына 2,5 триллион теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,3%-ға артық. Қаражат әлеуметтік нысандармен қатар, өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік және басқа да салаларды дамытуға бағытталған.
Кезекті инвестициялық штаб отырысында инвесторлар ұсынған жаңа жобалар қаралды. Олардың қатарында қуаты 500 МВт-тық бу-газ қондырғысын салу және пайдалану, ірі логистикалық парк құрылысы, 1000 оқушыға арналған жеке мектеп және пансионат ашу сияқты жобалар бар.
Сонымен қатар №2 Индустриалдық парктің құрамына енетін бірқатар маңызды жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, мотор майларын шығаратын зауыт, ұнтақ және өнеркәсіптік жабындар өндірісі, алюминий бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталығы құрылмақ.
2026 жылы іске қосылатын инвестициялық жобалар саны 60-қа жуықтайды. Бұл мақсатқа шамамен 220 миллиард теңге жұмсалып, нәтижесінде екі мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Әкім Жеңіс Қасымбек қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін өңірлік инвестициялық штаб отырыстары тұрақты түрде өтіп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Президент Тоқаев Астананың даму қарқынын жоғары бағалап, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысын ерекше атап өткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

