Елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның назарын қажет ететін мәселе екені айқындала түсті. Себебі, отбасындағы зорлық – ол бір адамның жеке басына жасалған қиянат емес, ол қоғамның тамырына түсіп жатқан дерт, ұрпақтың тағдырына әсер ететін үлкен әлеуметтік қасірет. Астана қаласы прокуратура өкілдері жаңа заңның күшіне енуімен бірге қасақана жеңіл жарақат салу немесе соққы беру секілді әрекеттер енді әкімшілік деңгейде қалмай, нақты қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын алға тартты.
Бұл өзгерістердің қоғамға әсерін сандар да айқын көрсетіп отыр. 2024 жылдың соңына дейін тек Астананың өзінде 1 184 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, соның ішінде 676 іс жеңіл жарақат салуға, 508 іс ұрып-соғуға қатысты болған. Сотқа 142 іс жолданып, 83 адамға нақты үкім шығарылды. 2025 жылдың алғашқы айларында тіркелген қылмыстар саны азайып, 85 дерек анықталған.
Бұл – алдын алу шараларының нәтижесі, халықтың құқықтық сауатының артып келе жатқанының белгісі. Дегенмен, тұрмыстық зорлықтың әрбір фактісінің артында жапа шеккен тағдыр, көз жасы мен қайғы тұрғанын ұмытпау керек.
Қазіргі таңда прокуратура полиция, әлеуметтік қызметтер, қорғаншылық органдарымен және дағдарыс орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Бұл үйлесімді әрекет жүйелі нәтижелер беруде. Құқық қорғау органдарының жұмысы тек қылмыстық істерді тергеумен шектелмейді, сонымен бірге алдын алу шараларына да ерекше мән беріледі. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер, халықпен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Зорлық-зомбылыққа тап болғандарға арналған жедел желілер мен дағдарыс орталықтары бар, онда психологтар мен заңгерлер көмек көрсетеді.
Заңға енгізілген жаңа баптар тек қылмыскерді жазалау үшін емес, қоғамға айқын белгі беру үшін қабылданған. Енді ешкім де отбасылық зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» деп ақтай алмайды. Бұл мемлекеттің әрбір азаматтың құқығын қорғауға берілген нақты уәдесі. Қоғамдағы әрбір адам да бей-жай қалмауы керек. Себебі көршінің отбасындағы айқай-шу – ертең өз баламыздың тағдырына әсер етуі мүмкін.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық бұл үнсіз қалған сайын үдей түсетін қылмыс. Жаңа заңдар мен прокуратураның нақты қадамдары осы қасіретті азайтуға бағытталған. Бірақ заң қанша қатаң болса да, ең бастысы – адамдардың санасы өзгеруі, зорлықты қалыпты деп қабылдаудан арылуы. Әрбір жанұядағы тыныштық, әйел мен баланың қауіпсіздігі – тұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі.