Астанада «Арай» атты жаңа төмендеткіш қосалқы станция пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ашылу рәсіміне Энергетика министрлігі, қала әкімдігі, қоғам өкілдері және БАҚ қатысты.
Мұндай нысан қағаздағы есеп үшін салынбайды. Қала өсіп жатыр, жаңа үйлер көбейді, мектеп пен балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да қатар ашылып келеді. Сол өсімнің артында бір ғана талап тұрады: жарық тұрақты болуы керек, қуат жетуі керек.
Жаңа қосалқы станция заманауи техникалық шешімдер негізінде салынғаны айтылды. Жоба аясында жалпы қуаты 80 МВА болатын 110/20 кВ екі күштік трансформатор орнатылған.
Сонымен бірге ұзындығы 11 шақырымнан асатын 110 кВ жоғары кернеулі кабель желілері тартылды. Бұл тұрғынның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылым.
Жоба іске асқан соң болашағы зор құрылыс ауданындағы 80 мыңнан астам тұрғын сенімді әрі сапалы электр қуатымен қамтылды. Қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандар бар.
Сондай-ақ Тұран даңғылының батысындағы және Ұлы Дала даңғылы бойындағы аумақтың электрмен жабдықталуы күшейтілді. Қыс келгенде әсіресе жүктеме артады. Тұрғын көбейген сайын желіге түсетін салмақ та өседі. Осындай кезде алдын ала салынған станция апаттың алдын алады, тоқтың «әлсіреуін» азайтады.
«Арай» қосалқы станциясы елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамыту стратегиясының маңызды бөлігі ретінде бағаланып отыр. Мұндағы басты мақсат – электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

