Астанада ерлі-зайыпты жұп ауыр дертке шалдыққан ұлының еміне деп халықтан ақша жинап, 1,3 миллиард теңгеден астам қаражатты өз қажетіне жұмсаған.
Олар Instagram мен Facebook желілеріне баланың қатысуымен түсірілген әсерлі видео мен жазбалар жариялап, жарнама арқылы көпшіліктің назарын аударған деп хабарлайды Ertenmedia.
Жарияланған науқанға еліміздің мыңдаған азаматы үн қосып, қомақты қаржы жиналған.
Алайда ерлі-зайыпты Тотақановтар баланың еміне тек 6,4 млн теңге жұмсап, қалған қаражатты (1 млрд 293 млн) жеке мақсатына пайдаланған.
Атап айтқанда, Астанадан үш пәтер, жер телімін, бес көлік сатып алып, букмекерлік кеңселерде бәс тіккен.
«Қажетті сома толық жиналғанына қарамастан, баланың шетелдегі операциясы өтпеген. Бірақ халықты сендіру үшін олар әуежайдан «ұшып бара жатқанын» дәлелдейтін видеоны арнайы түсіріп, кейін «операция сәтті өтті» деп жалған хабар таратқан», – дейді Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінде.
Қазір алаяқтық жолмен алынған мүліктің барлығына сот шешімімен тыйым салынды. Күдікті ерлі-зайыпты үйқамаққа алынып, қылмыстық іс сот қарауына берілді.
Атышулы Перизат Қайраттың ісі де осыған ұқсас болатын. Ол 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген еді.
Осыған байланысты вице-премьер Ермек Көшербаев елдегі қайырымдылыққа қатысты түйткілдерді атап өткен.
«Жекелеген азаматтар желіге банк деректері бар суреттерді жариялайды, ал халық нақты қандай мақсатқа ақша аударып жатқанын толық түсіне бермейді», – деген ол.
Осыған ұқсас жағдайдың алдын алу үшін Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға қатысты талапты күшейту жоспарланып отыр.

