Астанада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығы мен елордадағы Құрылыс-техникалық колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ресми құжат дуалды білім беру бағдарламасын іске қосу және отандық медициналық бұйым шығаратын өндірістік алаң ашуды көздейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа өндірістік алаң колледж базасында, травматология және ортопедия орталығының қолдауымен құрылды. Мұнда студенттер нақты сұранысқа ие техникалық мамандықтарды меңгеріп, заманауи жабдықтарда жұмыс істейді.
Оқу процесінде лазерлік және дәнекерлеу станоктары, цифрлық басқарылатын қондырғылар пайдаланылады. Колледж студенттері тек теория оқып қана қоймай, сол жерде тәжірибеден өтіп, дағды жинайды, сонымен бірге атқарған жұмысы үшін жалақы алуға да мүмкіндік бар.

Орталықтың бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерсен Жүнісұлы алғашқы нәтижелермен бөлісті. Оның айтуынша, локализацияланған өндіріс іске қосылып, қазірдің өзінде үш түрлі медициналық бұйым әзірленген.
– Біз алғашқы үш өнімді шығардық, олар техникалық сынақтан өтіп, сертификатталды. Қазір мемлекеттік тіркеу кезеңінде тұр. Негізінен келесі жылдың басынан бастап өнімді елдегі барлық ауруханаларға жеткізе алатын боламыз. Кейін ортопедиялық приставкалар, сымдық аппараттар, сыртқы фиксациялау құрылғыларын, ал 2030 жылға қарай сүйекке қойылатын пластиналар, сүйек ішілік штифтер мен кортикальді бұрандаларды шығару жоспарланып отыр, – деді Ерсен Жүнісұлы.
Құрылыс-техникалық колледждің директоры Серік Малгелдинов те бұл жобаның маңызын атап өтті. Оның сөзінше, оқу орны үшін бұл жаңа деңгей.

– Мұнда халықаралық стандарттарға сай толыққанды дуалды оқыту жүйесі жұмыс істейтін нысан құрылды. Студент бір мезетте әрі оқып, әрі нақты өндірісте еңбек етеді. Біз үшін ең бастысы еңбек нарығына керек маман дайындау, – деді ол.
Жоспар бойынша жаңа алаңда жыл сайын травматология және ортопедияда қолданылатын 3-5 мың дана медициналық бұйым өндіріледі. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, студенттер үшін оқу кезінде-ақ нақты өндіріс процесіне араласу, құрал-жабдықпен жұмыс істеу, сапа стандарттарын түсіну сияқты маңызды тәжірибе қалыптасады.
Осындай жобалар арқылы жұмысшы мамандықтардың беделі артып, жастарға техникалық білімнің нақты нәтиже беретінін көрсету көзделіп отыр.

