Елордада нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесімен күреске арналған кешенді жоспар шеңберінде айлық жалғасып жатыр. Осы аясында IT-университетінде студенттермен арнайы кездесу өтті. Прокуратура мен полиция өкілдері жастарға есірткінің денсаулыққа, өмірге және болашаққа тигізер ауыр зардаптарын жан-жақты түсіндірді. Әңгіме тек медициналық зиянмен шектелмей, есірткі қолдану мен сақтаудың заңдық салдарына, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке де ерекше мән берілді. Спикерлер жастарға «Әр адам өз жолын таңдайды. Ең бастысы, ол жол салауатты өмірге, дамуға және табысқа жетелейтін бағыт болуы тиіс» деген ойды жеткізді.
Кездесуге Астана қалалық ІІБ Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы, Есіл аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Әсем Қожахметова, Есіл аудандық прокуратурасының өкілі Алтынбек Арапов және Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Төребеков қатысты. Олардың әрқайсысы студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, нақты мысалдар келтірді. Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмысының артында жасөспірімдердің тағдыры, ата-аналардың көз жасы, қоғамның болашағы тұрғанын атап өтті.
Елордадағы айлықтың аясында лекциялармен қатар, рейдтер, арнайы акциялар мен алдын алу шаралары ұйымдастырылып келеді. Қаланың түрлі оқу орындарында профилактикалық кездесулер өтіп жатыр. Мұндай жұмыстар жастарды дұрыс жолға бағыттап, салауатты өмір салтын таңдауына ықпал етуге арналған. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлесіп жасап жатқан үлкен қадамы.

Есірткі мәселесі тек құқықтық қана емес, әлеуметтік әрі мәдени проблема. Өйткені ол бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан жастарға қарапайым түсінікпен жеткізу, олардың сенімін арттыру – алдын алудың ең тиімді жолы.
Ertenmedia.kz жеткен мәлімет бойынша, соңғы жылдары құқық қорғау органдарының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл бағыттағы кешенді шаралар нақты нәтижелерін беруде. Студенттер арасындағы сауалнамалар жастардың көбі салауатты өмірге қызығушылық танытып, спорт пен ғылымға бет бұрып жатқанын көрсеткен.
Жастардың тағдыры – мемлекеттің тағдыры. Ал олардың есірткісіз, таза өмірге ұмтылуы қоғамның ертеңгі тыныштығы мен дамуының кепілі. Сондықтан мұндай кездесулердің мәні терең, сабақтары өмірлік. Бір қарағанда қысқа әңгіме, қарапайым ескертулердің өзі жас жүректерге үлкен ой салып, дұрыс шешім қабылдауға әсер етеді. Әсіресе студенттердің заманауи технологиялармен бірге өмір сүріп жатқанын ескерсек, олардың ақпаратқа деген ашықтығын тиімді пайдалану – уақыт талабы.