Астанада өткен Astana Think Tank Forum 2025 шын мәнінде Қазақстанның жаһандық және бітімгершілік бастамаларына қалай қарайтынын айқын көрсетіп берді. Форумның «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру» деген тақырыбының өзі-ақ бүгінде әлемнің басты мәселесі қайда екенін аңғартады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы жылдары соғыс, санкция, өзара айыптау көбейіп, сенім деген ұғым сиреп кеткені жасырын емес. Осындай кезеңде Астанаға жиырмадан астам елдің сарапшылары, жетекші зерттеу орталықтарының басшылары келіп, бір үстелде отырып сөйлесуі Қазақстанның диалогқа сүйенген сыртқы саясатының жалғасы саналады.
Форумның алғашқы күні-ақ басым бағыттар анық көрінді. Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев жаһандық басқару реформасынан бастап ядролық қауіптерге, жасанды интеллектке, климат пен су тапшылығына дейінгі мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Бейбітшілік тек майдан шебінде шешілмейді, ол келіссөз барысында, сарапшылар пікір таластыратын осындай алаңда пісіп жетілетіні анық. Қазақстан көп жылдан бері дәл осы жолды таңдаған мемлекет.
Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту, Семей полигонын жабу, Астана процесі, енді міне ой орталықтарының форумын тұрақты форматқа айналдыру – бір тізбектің жалғасы.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов форумды ашқан сөзінде декларация жасап қою жеткіліксіз екенін, нақты шешімге бастайтын ұсыныстар керек екенін айтты. Сараптама орталықтары билік пен қоғам, саясаткер мен ғалымның арасындағы көпірге ұқсайды. Сол көпір мықты болса, жаһандық бітімгершілік бастамалар да бос ұран түрінде қалмайды, нақты құжатқа, нақты келісімге айналады.
Астанадағы форумның ерекшелігі де осында. Мұнда тек «қамқорлық» туралы емес, көпжақты институттарды қалай реформалау керек, БҰҰ жүйесі жаңа тарихи жағдайда қалай жұмыс істеуі тиіс деген сұрақтар қойылып жатыр.
Бірінші сессияда БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі модератор болғаны да жай таңдау емес. Қатысушылар ХХІ ғасырдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көпжақты институттардың рөлін қайта қарау қажет екенін ашық айтты.
Орта державалар туралы әңгіме жиі қозғалды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев орта державалардың жауапкершілігі артқанын еске салды. Жетекші ойыншылардың өзара текетіресі күшейген кезде, дәл осындай елдер бітімгер, теңестіруші, диалог алаңын ұсынып отырған тарап ретінде алға шығады. Қазақстанның бүгінгі ұстанымы да соған жақын. Бір жағында ядролық қарусыздану бастамасы, екінші жағында БҰҰ аясында орта державалар үнін күшейту талпынысы.
Форум барысында айтылған ойлардың өзегі ортақ. Тұрақты бейбітшілік тек халықаралық құқықты, ең алдымен БҰҰ Жарғысын сақтаған кезде ғана мүмкін. Иран, Қытай, Батыс сарапшылары да осы ойды әр қырынан қайталады. Бірполярлы жүйеден көпполярлы жүйеге ауысу оңай емес, түсініксіздік пен қайшылыққа толы кезең болатыны сөзсіз.
Бірақ соның өзінде ынтымақтастыққа орын қалдыруға болады. ШЫҰ, «Орталық Азия плюс Қытай» сияқты алаңдар соның бір мысалы ретінде аталды. Яғни әлем тек қарсыласу арқылы емес, аймақтық және жаһандық серіктестік арқылы да дамитынын бұл форум тағы бір рет еске салып отыр.
Қызығы, форумдағы сөз қозғаған тақырыптардың көбінің түбі бітімгершілікке барып тіреледі. Қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы, ядролық қарусыздану, Ауғанстан факторын талдау, көші-қон мен су тапшылығының салдары мұның бәрі ертеңгі қақтығысты қалай болдырмауға болатыны туралы әңгіме. Яғни классикалық мағынадағы бітімгершілікті тек көк дулыға киген әскерилерге теліп қою тар түсінік болып қалды.
Чарльз Маклин сияқты сарапшылар орта державалар көпжақты институттарды реформалау күн тәртібін ұсынуға қабілетті екенін айтты. Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясы мінберінен айтқан ұсыныстары, ядролық қауіпсіздік, сенім шаралары, аймақтық диалог туралы бастамалары осы пікірдің астарын нақтылай түседі.
Астана форумының өзі де бітімгершілік дипломатияның жұмсақ құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Мұнда ешкім өз қағидасынан бас тартуға шақырмайды, бірақ барлығы бір жайтқа келіседі. Қақтығыс пен поляризацияны сөз жүзінде ғана емес, нақты механизмдер арқылы жеңудің жолын іздеу қажет.
Форумның бағдарламасы да соған лайық. Жетекші державалар арасындағы бәсекелестік жағдайында көпжақты ынтымақтастықты сақтау, Еуразиядағы көлік дәліздерін дамыту, жасанды интеллекттің этикалық қырын қарастыру, климат пен су тапшылығының демографияға әсерін бағалау барлығы да болашақтағы бейбіт өмірдің параметрлерін алдын ала белгілеп алуға ұмтылған талпыныс. Егер осы мәселелер дер кезінде талқыланып, ортақ түсінік табылмаса, ертең олар жаңа жанжалдың себебіне айналуы мүмкін.
Сондықтан Astana Think Tank Forum тек күнтізбедегі кезекті іс-шара емес, Қазақстанның жаһандық және бітімгершілік бастамаларының бірі ретінде қарастырылғаны жөн.
Астанаға жиналған сарапшылар жазып беретін ұсынымдар, қабылданатын тұжырымдар ертеңгі келіссөздерде, жаңа форматтағы диалог алаңдарында өз жалғасын табады. Сенім деген нәрсе бір күнде орнамайды, ол ұзақ әңгімеден, ашық пікірталастан, нақты ұсыныстан құралады. Қазақстан дәл осы ұзақ жолдың ортасында емес, бел ортасында жүр. Астанадағы форум соның айғағы.

