Астанада «Қазақстан – бар ғұмырым!» атты алғашқы жастар Конвенті өтіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа адамдар жастар қозғалысы ұйымдастырған жиынға елдің барлық өңірінен 7 мыңнан аса жас жиналды. Конвентке жалпы 15 мың адам өтініш берген, бірақ арнайы іріктеуден өткен үздіктер ғана бас қосты.
Шараның басты ерекшелігі – жаппай таныстықты дамыту.
Қатысушыларға арнайы мобильді қосымша ұсынылып, DOS_coin атты ішкі валюта берілді. Жастар конвенттің 15 түрлі алаңында белсенділік танытып, жинаған монеталарын түрлі тауарларға, сарапшылардың шеберлік сабақтарына және қазақстандық брендтердің киімдері мен сыйлықтарына айырбастай алады.
Конвенттің орталық оқиғасы – «Акционисттер жарысы». Бұл сайыста ел ішіндегі өзекті мәселелерге арналған 12 әлеуметтік жоба өзара бақ сынап, қатысушылардың қолдауымен мақсатты грантқа ие болады. Олардың қатарында қоқыс мәселесімен күрес, әйелдер құқығын қорғау, жасөспірімдерге ішімдік сатумен және құмар ойындарға тәуелділікпен күрес секілді маңызды бастамалар бар.
Шара барысында жастар белгілі спикерлердің дәрістеріне, білім, ТикТок, streetart, музыка, стиль, спорт және би алаңдарындағы іс-шараларға қатысады. Ал кеш соңында Ninety One, Dequine, Aikyn, BONAPART және арнайы шақырылған құпия қонақтардың қатысуымен гала-концерт өтеді.
Жаңа адамдар қозғалысының көшбасшысы Әсел Бәденованың айтуынша, Конвенттің басты мақсаты жастардың арасына берік байланыс орнатып, елдің түкпір-түкпіріндегі азаматтарды бір-біріне жақындату.
«Тұтас халық болып бірге болуды үйрену – өнер. Бұл өнерді ешқандай университет үйретпейді. Бүгінгі шара – еліміздің жастарын бір-бірімен таныстыруға, жаңа достық орнатуға арналған алғашқы қадам. Конвентті дәстүрлі шараға айналдырып, бүкіл Қазақстанмен жыл сайын бас қосатын үлкен мерекеге ұластырғымыз келеді», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

