Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астанада лифт ішінде 5 жасар балаға жасалған шабуылға қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды ErtenMedia.
Шенеуніктің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі осы оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
«Қазір психикалық денсаулық қызметтері сараптама жасап жатыр. Бір-екі аптадан кейін барлық материал дайын болады, сол кезде толық ақпарат бере аламыз. Белгілі бір талаптар бар, соның ішінде психикалық жағдайына байланысты мүгедектігі бар балалардың қамқоршыларына қойылатын талаптар да қарастырылған. Бұл талаптар мұндай балалардың тұрақты бақылауда болуын міндеттейді», – деді Ержан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, вице-министр шабуыл жасаған жасөспірімді емдеген дәрігерлер тарапынан қателік болмағанын айтты.
«Тағайындалған ем өз нәтижесін берді. Бұл факті баланың ауруханаға жатқызылуы кезінде бірнеше рет расталды. Қызметтік тергеу аяқталған соң толық және нақты ақпарат беріледі. Ол (жасөспірім – ред.) оқшауланбайды. Егер емдеу нәтижелі болса, оны қоғамға бейімдеу қажет», – деді ол.
Нұрлыбаев осы оқиға психикалық ауытқуы бар адамдарға деген теріс пікір қалыптастырмауға тиіс екенін де атап өтті.
Сонымен қатар, жасөспірім бір айға психиатриялық стационарға жатқызылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқас күшейтілген режимде бақыланатыны айтылды.
Айта кетейік, 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифт ішінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Тергеу барысында оның психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болды.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің мәлімдеуінше, бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған.