Астана қаласындағы Промышленный тұрғын алабының тұрғындары он жылдан астам уақыт бойы өз үйінің іргесінде улы зауытпен қатар өмір сүріп келген еді. Силикат кірпіш шығаратын өндіріс орын алдымен денсаулыққа, кейіннен бүкіл тіршілікке зиян екенін кеш болса да дәлелдеп берді. Аумақ маңында тұнып тұратын шаң мен көк түтін, жағымсыз иіс жайсыздықтың ажырамас бөлігіне айналған болатын. 30 мыңға жуық тұрғын сол түтінді жұтып, тыныстады. Енді осы мәселе түбегейлі шешілді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорда әкімдік пен Экология министрлігі мәселені ұзақ уақыт сот арқылы шешуге тырысты. 2022 жылы зауыттың жұмысын уақытша тоқтату жөнінде шешім шығарылған. Алайда кейін бұл шешімнің күші жойылып, зауыт қайта іске қосылды.
Содан бері әкімдік тұрғындармен бірге күресін жалғастырған болатын. Ақыры, үстіміздегі жылдың шілде айында Астана қаласының әкімдігі тағы да сотқа жүгініп, өндірісті көшіру мақсатында жаңа жер телімдеріне құқықты ресімдеуді талап етті.
Сот бұл жолы халық үніне құлақ түрді. Бірінші инстанцияда шыққан шешім әкімдік талабын толық қанағаттандырып, зиянды өндірістің қала аумағынан тыс жерге көшірілуін заңды түрде бекітті.
Заңға сай бұл шешім қалалық сотта тағы бір мәрте қаралмақ, бірақ тұрғындар үмітін үкілеп отыр. Олар енді шындықтың бетін жауып қоюға жол бермейтінін, өз үйлерінің жанында зауыттың түтіндеп тұруына қарсы екендерін нақты білдірді.
Силикат зауыты иелеріне жаңа жер ұсынылды, өтемақы төленді. Алайда олар өндірісті бұрынғы орнында жалғастыруға тырысып бақты. Бұл әрекет халықтың денсаулығына деген құрметтің жоқтығын көрсетті.
Ал зауыт шығаратын шаң құрамында кварц бөлшектері мен күкірт диоксиді, көміртек оксидтері, фтор секілді қауіпті заттар бар екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген болатын.
Бүгінгі сот шешімі жай ғана заңдық құжат емес. Бұл халықтың тынысы үшін, балаларының денсаулығы үшін, ауладағы таза ауа үшін берілген жауап болды. Қала ішінде улы зауыт тұрмауы керек. Астананың болашағы таза аспан мен тыныс кеңістігінде. Бұл әкімдіктің де, соттың да, ең бастысы, он жыл бойы күрескен тұрғындардың ортақ жеңісі.

