Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев билікті күшпен құлатуға әрекеттенді деген айыпты «абсурдқа» балап, қолмен жазған бірнеше хатын жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Kaktus.media жариялаған хаттарда Атамбаевты ұлы өзіне тағылған айыптың мән-жайын баяндаған. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары бастапқыда «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деп айыптағанымен, кейіннен істің сипатын өзгертіп, ауыр қылмысқа жататын «билікті күшпен басып алуға әрекет жасады» деген бапты қосқан.
Қарашаның 22-сі күні жазған хатында Атамбаев ешбір заңды негізсіз, ордерді көрсетпестен, он шақты арнайы жасақ өкілдері таңғы жетіде пәтеріне басып кіргенін айтады.
«Анаммен бірге Қой-Таштағы үйден шығарылған соң жалдап тұрып жатқан пәтерге арнайы жасақ басып кірді. Олар ешқандай заңды құжатты көрсетпеді, тіпті ордермен танысуға мүмкіндік бермеді. Бұл ма, бұл нағз заңсыздықтың көрінісі», – дейді ол хатта.
Атамбаев жасақ мүшелері өзіне психологиялық қысым көрсеткенін де мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, арнайы қызметкерлер адвокат келгенше күтетін болса, «азаптап, қинауға» дейін баратынын айтып, қорқытқан.
Оның айтуынша, билікті құлату туралы «қастандыққа» айғақ ретінде билік жасырын камераға түсірілген Темірлан Сұлтанбековтың «асүйдегі әңгімесін» пайдаланған. Бұған қоса, әлеуметтік желідегі азық-түлік бағасының өсуіне қатысты жазбасы мен энергетикадағы мәселелер туралы айтқаны да дәлел ретінде көрсетілген.
Қарашаның 23-і күнгі хатында Қадырбек Атамбаев өзіне тағылған айыптың себебін былай түсіндіреді:
«Мені азық-түлік қымбатшылығы мен «энергетикадағы мәселе» туралы жазғаным үшін билікті күшпен басып алуға әрекет жасады деп айыптауда. Шын мәнінде мен энергетикадағы заңсыз майнинг-фермаға қатысты Бас прокуратураға ресми шағым түсірген едім. Ол ферма Қырғызстанның энергетикасындағы «сұр кардинал» Алексей Ширшов пен 2010 жылы биліктен тайдырылған экс-президент Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевпен байланысты», – делінген хатта.
Ол әлемжелідегі жазбаларының бәрі ресми статистикаға негізделген сараптамалық материал екенін айтады.
«Осы жазбалар қалайша билікті күшпен басып алуға теңестірілген?» деп сұрақ қояды Атамбаев.
Өз ісін «абсурд театрына» теңеген ол, айыптауға негіз болған нәрселер ғылыми мақалалары, әлеуметтік желідегі жазбалары және Ширшөвтың айналасындағы адамдарға қарсы түсірген шағымы екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, 22 қараша күні Қырғызстанда бірқатар саясаткер, олардың туыстары мен танымал тұлғалардың үйінде жаппай тінту жүргізіліп, бірнеше адам ұсталған. Билік олардың парламент сайлауынан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болғанын мәлімдеген еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

