Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі ақша жинау мәселесін заң жүзінде шешу жолдарын қарастыруға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, ата-аналар комитетін тарату қажет емес, керісінше олардың жұмысына жаңа сипат беріп, нақты пайдалы мақсаттарға бағыттаған жөн.
«Ата-аналар комитетінің тарихы тереңде. Олардың басты міндеті ақша жинау немесе әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыру емес. Сондықтан ата-аналар комитеттерінің қызметін жаңғыртып, балаларға шын мәнінде қолдау көрсететін, нақты нәтижеге жететін бағытқа бұру керек», – деді министр.
Министрлік бұл бағытта жұмыстарды өткен жылдан бастап қолға алған. Атап айтқанда, сынып жетекшілері үшін арнайы тренингтер өткізіліп, қажетсіз шараларға уақыт пен қаржы жұмсауды тоқтатып, балаларды дамыту мәселесіне баса назар аудару ұсынылуда.
Ғани Бейсембаев сондай-ақ ақша жинауды тоқтатуға қатысты арнайы бұйрық бұрын қабылданғанын, бірақ оның іс жүзінде толық орындалмай отырғанын мойындады.
«Бұл бұйрықтың қабылданғанына біраз уақыт болды. Бірақ оның орындалуын қамтамасыз ету керек. Қажет болған жағдайда депутаттармен ақылдасып, мектептердегі ақша жинауды заң жүзінде реттеу мәселесін қарастыратын шығармыз. Мүмкін, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауға ұқсас тәсіл қолдануымыз керек болар. Дегенмен бұл мәселенің толық заңмен реттелуінің тиімділігі мен қажеттілігін әлі де талқылау керек», – деді министр.