Қазақстанның жаңа Конституциясы қандай болмақ? Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов реформа жөніндегі комиссияға өзгерістердің тұтас жобасын таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа редакциядағы жобада Ата заңның 77 бабына түзету енгізілген. Бұл негізгі заң мәтінінің 84 пайызы өзгеріп, толық жаңарады деген сөз.
Қолданыстағы Конституция кіріспе мен 9 бөлімнен, 101 баптан тұрса, ұсынылып отырған жаңа жобада кіріспе, 11 бөлім және 104 бап болады.
Конституцияға екі жаңа тарау енгізілмек: «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі».
Төрт бөлімнің атауы толық өзгертілді
- «Жалпы ережелер» → «Конституциялық құрылыстың негіздері»;
- «Адам және азамат» → «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер»;
- «Парламент» → «Құрылтай»;
- «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» → «Сот төрелігі, прокуратура және құқық қорғау тетіктері».
«Ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің басты заңының сапасын күшейтетін, құқықтық нақтылығын арттыратын және түбегейлі жаңа тұжырымды бекітетін маңызды әрі жауапты қадам», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысты осы аптада аяқтауы мүмкін. Осыған дейін жиында сөз алған Тоқаевтың көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің мисссиясына егжей-тегжейлі тоқталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

