Қазақстанда шағын және орта бизнеске түсетін әкімшілік әрі салықтық салмақ күшейіп барады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпке ең ауыр соққы болып тиіп отырған үш негізгі өзгерісті атады.
Сарапшылар алдымен қосылған құн салығына қатысты тәртіптің қатаңдағанын алға тартады. Бұған дейін кәсіпкерлер жылдық айналымы белгіленген межеге жетпесе, ҚҚС төлеуші ретінде есептен өз еркімен шыға алатын. Енді ондай мүмкіндік жойылған. Соның салдарынан компаниялар айналым көлеміне қарамастан осы мәртебеде қалып отыр.
«Атамекен» өкілдерінің бағалауынша, мұндай жаңалық шағын бизнеске бір мезетте екі салмақ түсірді: бірі салық жүктемесі, екіншісі құжат жүргізу мен есептілікке кететін әкімшілік машақат. Оған қоса арнайы салық режимін қолдану тетігінің тарылуы жағдайды одан әрі қиындатқан. Соңында кәсіпкердің салық органдарымен жұмыс істеуге жұмсайтын шығыны өсіп, фискалдық тиімділік күткендей нәтиже бермей отыр.
Ұлттық палата екінші ірі түйткіл ретінде жалақы қорына түсетін қысымды атады. Қазір еңбекақы қоры кәсіпорын шығынының да, өнімнің өзіндік құнының да елеулі бөлігіне айналған. Соған қарамастан, оның нақты құрамын реттейтін жеке нормативтік акт әлі күнге дейін жоқ.
Ең қауіптісі…
Қолданыстағы тәртіп бойынша, жалпыға бірдей режимдегі компаниялар үшін еңбекақы қорына түсетін жиынтық салмақ жалақы көлемінің 40 пайызынан асып кеткен. Сарапшылар мұндай жағдайда бизнес бейресми еңбекке, көлеңкелі төлемге және түрлі айналма жолға бейімделе бастайтынын айтады.
Палата жүргізген 1855 кәсіпкер қатысқан сауалнама да осы көңіл күйді растаған. Қатысушылардың 90 пайыздан астамы еңбекақы қорына салынатын салықты қайта қарау қажет деп санайды. Ал 70 пайыздан көбі мұндағы шекті жүктеме 20 пайыздан аспауы тиіс деген ұстанымда. Респонденттердің жартысынан астамы салық төмендесе, конвертпен төленетін айлық азайып, жұмыс берушілер жаңа адам алуға бейім болар еді деп есептейді.
Кәсіпкерлер палатасы бірыңғай төлемге қатысты мәселені де бөлек көтерді. 2023 жылы арнайы режимдегі шағын және орта бизнес үшін енгізілген бұл тетік міндетті саналмайды. Бірақ бір есептік кезең аяқталмайынша басқа режимге ауысу мүмкін емес.
Оның үстіне бірыңғай төлем мөлшерлемесі 2026 жылғы 24,8 пайыздан 2028 жылға қарай 26,3 пайызға дейін өседі. Бұдан бөлек, бұл төлемді бейрезидент қызметкерлердің табысына қолдануға болмайды, ал жеке кәсіпкерлер оны өзі үшін төлей алмайды.
Үшінші…
ауыр соққы ретінде цифрландырудағы ақаулар аталды. 2026 жылдан бері салық органдарының ақпараттық жүйелерінде жиі іркіліс болып тұрғаны айтылады. Соның кесірінен кей сервистер уақытылы ашылмай, кәсіпкерлер есепті дер кезінде тапсыра алмай жатады, электронды шот-фактура рәсімдеу қиындайды, тіпті қарапайым есеп айырысуға дейін кедергі туындайды.
Сарапшылар цифрландыру негізі дұрыс бағыт екенін жоққа шығармайды. Расында, ол мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты жеңілдетті. Бірақ жүйе ауқымы кеңейген сайын оның тұрақтылығы мен уақтылы жаңартылуы шешуші мәнге ие болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







