Ауғанстандағы қазақтар Қазақстан халқына үндеу жолдап, Үкіметтен көмек сұрады. Олар өздерінің қазақтығына күмәнмен қарайтын отандастарға назаланып, өздерінің бар арманы атамекенге оралу екенін жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Құрметті бауырлар, біз Ауғанстанда туып-өскен қазақтармыз. Ешқашан Қазақстаннан ақша, байлық немесе басқа да материалдық көмек сұраған емеспіз. Біз тек атамекенімізде қазақ болып өмір сүргіміз келеді.
Бірақ кейбір отандастарымыз бізге күмәнмен қарап, «Ауғанстан қазақтары шынайы қазақ емес» деп санайды. Бұл біздің жанымызға батады. Біз ғасырлар бойы қазақ атын жоғалтпай, тілімізді, дәстүрімізді, дінімізді көздің қарашығындай сақтап келдік. Жүрегімізде Қазақ еліне деген махаббат ешқашан өшкен емес.
Егер бүгін Қазақстанның әр қазағы біздің жағдайымызды түсініп, аз да болса қолдау білдірсе, бұл ұлттың бірлігі мен рухының дәлелі болар еді. Кімнің нағыз қазақ екенін сөзбен емес, іспен көрсететін уақыт келді», – дейді Ertenmedia-ны арнайы белгілеген Ауғанстандағы қазақтар мәдени орталығы.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров осы мәселеге назар аударып, Пәкістанда қиын жағдайда қалған 300 қандасты елге әкелуді сұрап, Үкіметке үндеу жасаған.
Депутаттың айтуынша, екі жыл бұрын Ауғанстаннан Пәкістанның Карачи қаласына қашып барған 40 қазақ отбасы (300-ге жуық адам) кері депортациялану қаупіне тап болған. Қазақстанның Пәкістандағы елшісі олардың жағдайымен танысып, көмек беруге уәде еткенімен, мәселе шешілмеген. Пәкістан билігі оларды Ауғанстанға қайтармақшы.
«Сыртқы істер министрлігі әлгі азаматтардың қазақ екендігін растайтын құжаты жоқ деп отыр. Мұндай құжатты алу үшін олар қайта Ауғанстанға баруы тиіс, бірақ бұл қауіпті. Премьер Бектенов осы мәселеге атсалысуын сұраймын. Егер өзіміз көмектесе алмасақ, БҰҰ-ға жүгініп, қандастарды босқын деп тануға ықпал етуіміз керек. Осылай ғана олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – деген еді Сайыров.
Ауғанстандағы қазақтардың белсендісі Хамид Жорабай түнеукүні ғана Тоқаевқа үндеу жолдап, Пәкістанға босып барған қандастарымыздың жағдайы өте ауыр екенін айтқан еді.

