Белгілі кәсіпкер Райымбек Баталов президент Тоқаевтың бизнесті дамыту мәселесі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Баталов күні кешеге дейін еліміздегі кәсіпкерлердің басын біріктірген «Атамекен» ұлттық палатасының төрағасы қызметін атқарған. Ол ұйымға 2022 жылдың ақпанынан бастап, 2026 жылдың қаңтарына дейін басшылық етті.
Atameken Business арнасына берген сұхбатында ол қызметінде біршама уақыт отырып қалғанын меңзеген-ді.
Кәсіпкердің еңбек жолы мен тәжірибесі ел экономикасының маңызды салаларын қамтып келеді. Баталов әр жылдары ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға жетекшілік етті. 1992 жылы «Раимбек» сауда компаниясының негізін қалап, Raimbek холдингінің директорлар кеңесін осы күнге дейін басқарып келеді.
Еске сала кетсек, былтыр күзде «Атамекенде» кадрлық дүмпулер болған еді.
Қыркүйектің аяғына таман Баталовтың төрт бірдей орынбасары Ербол Есенеев, Мұрат Әмрин, Тимур Нахыпбеков және Ербол Үстеміров бір күнде арыз жазып, орнын босатқан.
«Атамекенді» басқарған Баталовтың орнына Тоқаевтың экс-уәзірі Қанат Шарлапаев келгенін бұған дейін хабарлағанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

