«Қазақстан темір жолы» АҚ-ның бұрынғы президенті, белгілі кәсіпкер Ерлан Атамқұлов компаниядағы жемқорлықтың басталуына қатысты жаңа деректерді жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Атамқұлов Abay Live арнасына берген сұхбатында теміржол саласындағы қызметін 2002 жылы бастағанын айтып, осы қызметке тағайындалуына сол кездегі премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің ықпалы болғанын жасырмады.
«Иманғали бір жағынан досым, бір жағынан құдам. Ол мені теміржолға әкелу туралы Назарбаевпен келіскен шығар деп ойлаймын. Өйткені ол маған: «Ерлан, сен нарықты білесің, теміржол саласын көтеру керек», – деген болатын», – дейді Атамқұлов.
2005 жылдың 13 қазанында президент Назарбаев оған орынбасар етіп Қайрат Сатыбалдыны тағайындайтынын жеткізген. Атамқұловтың айтуынша, дәл осы сәттен бастап компания ішінде дау-дамай басталған.
«Қайратпен шамамен он айдай бірге жұмыс істедік. Бірақ ол көптеген іске араласып, жұмысқа кедергі келтірді. Ақыры 2006 жылдың тамызында президенттің алдына кіріп, екі құжат тапсырдым. Біріншісінде Сатыбалдының теміржолдағы заңсыз әрекеттерін баяндадым, екіншісі – қызметтен кету туралы өтінішім. Президент құжаттарды оқып, бірден Сатыбалдыға телефон шалды да: «Сен енді теміржолда емес, Көлік министрінің орынбасары боласың» деді. Қайрат ашуланып, бармайтынын айтып, тұтқаны қоя салды. Бірақ сол күннен бастап ол теміржолға келмеді», – деді Атамқұлов.
Құлыбаевқа қатысты тың дерек
Оның айтуынша, 2009 жылдан бастап ҚТЖ-дағы жемқорлық күрт өскен.
«2009 жылы премьер-министр Кәрім Мәсімов, ҚТЖ басшысы Асқар Мамин еді. Дәл сол кезде «Қамқор» деген холдинг құрылып, теміржолдағы барлық жөндеу жұмыстарын солар атқара бастады. Бұл компанияның артында Тимур Құлыбаев тұрды. Біз локомотивтерге қызмет көрсетуді 10 мың долларға жасасақ, олар бірден 20-25 мың долларға дейін көтеріп жіберді. Қаңтар оқиғасынан кейін былықтары ашылады деп қорқып, ол бұл компанияны ресейліктерге сатып жіберді», – дейді ол.
Қазір теміржол саласында 7-8 түрлі топ өзара бөліске түсіп, компанияны тонап жатыр дейді Атамқұлов.
«Қазір ҚТЖ-ны 7-8 топ ашық тонауда. Біреуі қаржы ағынын, екіншісі вагондарды, үшіншісі локомотивтерді, келесісі жанармайды бақылауда ұстайды. Бұл топтардың арасында Тимур Құлыбаевтың, Маминнің және кейбір әкімдердің адамдары бар. Олар ештеңеден қорықпайды, мемлекеттің ақшасын емін-еркін талан-таражға салып отыр», – деді Атамқұлов.
Жақында Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ-ның қарызы 3 трлн теңгеге жақындап, компания банкротқа ұшыраудың алдында тұрғанын айтты.
Экономист Олжас Құдайбергенов болса, ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанымен келіспей, тек сыртқы басқаруға беруге қатысты пікірді қолдамайтынын жеткізді. Оның ойынша, Смайылов айтқан ұсыныстардың көпшілігі өзінің премьерлігі тұсында қабылданған.

