Алматы әкімдігі Сайран автовокзалын коммуналдық меншікке қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Журналистердің Сайран автовокзалы аумағын қайта құру және абаттандыру жоспарына қатысты сұрағына әкім жауап берді. Ол нысан 2000-жылдардың ортасында жекеменшікке берілгенін еске салды. 2018-2019 жылдары меншік иесі ғимаратқа базалық жөндеу жұмыстарын жүргізген.
– Бұл нысан қала үшін маңызды көлік хабы саналады. Алматының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, автовокзал қоғамдық-іскерлік және көліктік қызмет көрсету аймағында орналасқан. Сондықтан жолаушылардың қолайлы ауысып отыруы үшін өте маңызды, – деді қала басшысы Ерболат Досаев.
Осыған байланысты Алматы әкімдігі автовокзал иелерімен қосымша реконструкция жүргізу және біртұтас заманауи кешен қалыптастыру үшін нысанды коммуналдық меншікке қайтару бойынша келіссөздерді бастаған. Әкімдік бұл жұмыстардың қала үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







