АҚШ Қаржы министрлігі «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салды әрі Мәскеуді Украинадағы соғысты дереу тоқтатып, бітімге келуге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әмерика билігі Ресей армиясын «асырап» отырған ірі компанияларды ұрымтал тұстан ұрып, Кремльді келіссөз үстеліне отырғызуды көздеп отыр.
Санкцияға іліккен «Роснефть» пен «Лукойл» Ресейдің мұнай-газ нарығындағы алпауыт ойыншылар.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, санкцияның енгізілуіне президент Путиннің соғысты тоқтатудан бас тартуы себеп болған.
Министрліктің ресми мәлімдемесінде шешімнің Мәскеудің әскери амбициясын қаржыландыру мүмкіндігін шектейтіні айтылған. Жазаның салмағын арттыру үшін Уашиңтон өз одақтастарын да жаңа шектеуді қолдауға шақырып отыр.
Санкцияның негізгі соққысы «Роснефть» пен «Лукойлдың» бас кеңсесіне ғана емес, сонымен қатар олардың Ресейдегі 30-дан астам еншілес кәсіпорнына бағытталған. Бұлардың қатарына «Башнефть», «Самаранефтегаз», «Сибнефтегаз», «Оренбургнефть», «Куйбышевский», «Новокуйбышевский» секілді ірі мұнай өңдеу зауыттары мен кен орындары кірген.
Құрама Штаттар аумағында аталған компаниялардың және олардың еншілес кәсіпорындарының активі бұғатталды. Әмерика азаматына және АҚШ юрисдикциясына кіретін барлық компанияға санкция тізіміндегі тұлғалармен қандай да бір қаржылық операция жасауға қатаң тыйым салынды.
АҚШ Қаржы министрлігі санкцияны бұзған әмерикалық немесе шетелдік компанияларға қатаң шара қолданылатынын ескертті. Санкция тізіміндегі компаниямен байланыс орнатқан шетелдік қаржы мекемелері де Уашиңтонның қосымша санкциясына ұрынуы мүмкін.
Осының нәтижесінде Мәскеу Украинадағы соғысқа қажетті айтарлықтай қаржылық ресурстан қағылады деген болжам бар.
Ресейлік компаниялар Қазақстанның мұнай-газ саласына дендеп еніп алған.
Атап айтсақ «Лукойл» компаниясы «Теңізшевройлдың» 5 пайыз, ал Қарашығанақ жобасының 13, 5 пайыз үлесіне ие. Бұдан бөлек, 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеруге қатысты бірлескен келісімге қол қойған.
Келісім аясында «Лукойл» қазақстандық «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС-ның жарғылық капиталының 50 пайызын сатып алып, стратегиялық серіктес атанған болатын.
Ресейлік компанияның осы кен орындарына құятын инвестициясы алдағы жылдары 6 миллиард доллардан асатыны, ал алғашқы теңіз платформаларының іске қосылуы 2026 жылға жоспарланғаны айтылған.
Президент Тоқаев «Лукойлдың» Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығына орай өткен іс-шарада компанияның елімізге салған инвестициясының жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асқанын, осы уақытқа дейін 94 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндіргенін атап өткен еді.
Ал «Роснефттің» Қазақстандағы негізгі рөлі мұнай экспортын қамтамасыз ететін Каспий құбыр консорциумындағы үлесімен байланысты. Компания КТК-ның 7,5 пайыз акциясына ие және қазақ мұнайының сыртқы нарыққа тасымалдануында шешуші мәнге ие оператордың бірі.
Ertenmedia-ның телеграм арнасына тіркелуді ұмытпаңыз.
Каспийде қалқып жүрген Лукойл: Лондон мен Ақорда арасында қандай ойын жүріп жатыр