Әнші, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова күйеуінің өліміне қатысты шындық ашыларына сенетінін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Зәкең жайлы көп сөз қозғай беріп керек емес. Мен ол кісінің ақталатынына сенемін. Зәкең ақталғанда үкіметке тапсырамын деп оның қолданған заттарын, суретшілер салған портреттерді өзінің үйінде сақтап отырмын. Ол үй — Мерейдің үйі. Қызым екеуміз барып жинап тұрамыз. Сол кісінің аруағы разы болсын деп жүрміз. Зәкеңді атқан адамдардың аты жақында белгілі болады деп сенемін», — деді әнші Massaget.kz-ке берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды.
Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Ескерткіштің ашылу рәсімі дәл осы Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты.
Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстті ашты. Алайда Мақпал Жүнісова бұл іс-шараға қатыспады.