Атырауда балаларға арналған жаңа жылдық сыйлыққа қатысты дау өршіп тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тендерді жеңіп алған кәсіпкер әлемжелі арқылы бейнеүндеу жасап, Атырау қалалық білім бөлімін айыптады,
Tulpar Service жеке кәсіпкерлігінің иесі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, ең арзан ұсыныс жасағанын айтады. Бір сыйлық жиынтығының құны 4 990 теңгеден есептелген.
Жалпы сомасы 2 млн 700 мың теңге. Алайда ол 600 дана сыйлықты жеткізгеннен кейін, қалалық білім бөлімі өнімді қабылдамай қойған. Салдарынан кәсіпкер үлкен шығынға ұшырап отыр.
«Сыйлықтарды Атырауға әкелген соң, қабылдаудан бас тартты. Бұған қоса мені мемлекеттік сатып алудың қара тізіміне енгізіп, тендерге қатыса алмайтынымды хабарлады. Өзімнің көз жанарым нашар, мүгедектігім бар, кәсіпкерлікпен айналысуымның себебі де сол. Барлық талапты орындадым, алдын ала келісіп, құжаттарды да уақытында ұсындым. Бірақ жағдай осыған жетті. Құзырлы органдардан көмек сұраймын», – деді кәсіпкер.
Білім бөлімінің уәжі қандай?
Алайда Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, сыйлықтар техникалық талаптарға сәйкес келмеген. Конкурс шарты бойынша әрбір жиынтықта 17 түрлі тәтті болуы тиіс еді. Ал кәсіпкер тек 10 түрін жеткізген, әрі олардың салмағы да көрсетілген мөлшерден төмен болып шыққан.
«Конкурстың техникалық шарты анық жазылған. Онда сыйлық жиынтығындағы тәттілердің құрамы мен салмағы нақты көрсетілген. Кәсіпкер әкелген сыйлықтар бұл талапқа сай емес болып шықты, сондықтан біз қабылдай алмадық. Кемшіліктер жойылған жағдайда, тауарды қабылдауға әзір екенімізді жеткіздік, бірақ кәсіпкер одан бас тартты», – деді қалалық білім бөлімі басшысы.
Ведомствоның мәліметінше, конкурс қосымша сатып алу ретінде өткізілген. Негізгі конкурс бойынша Алматыдан ЖК «Амалбай» жеткізген 1 162 сыйлық еш қиындықсыз қабылданған.
Қалалық білім бөлімі шарт орындалмағандықтан, бөлінген қаржыны бюджетке кері қайтарғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде үндеу жариялағаннан кейін кәсіпкер білім бөлімі ғимаратына келіп, жұмыстарына кедергі келтірген. Осыған байланысты полиция шақырылып, арнайы шағым түсірілген. Дау жалғасуда.
Бұған дейін біз Атырауда бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін жазған едік.

